Келер ұрпаққа қанша қарыз қалдырамыз? – Макроэкономист жауап берді
Әлем жаңа қаржылық дәуірге қадам басты. Алдағы ширек ғасырда әлемде триллиондаған долларға бағаланатын қаржы мұрасының иесі ауысады. Сонымен қатар, мемлекеттердің мойнындағы қарыз көлемі тарихи шекке жетіп отыр. Бұл екі қарама-қайшы құбылысты ғалымдар макроэкономикадағы ғаламат қос үрдіс деп сипаттап отыр.
Сарапшылардың пайымынша, бұл үдерістер Қазақстанды да айналып өтпейді. Өйткені елімізде сыртқы қарыз 173 млрд долларға жақындады. Сәйкесінше, мемлекет қарызының да көлемі артып барады. Елдің қаржылық болашағын қандай тәуекелдер күтіп тұр? Қазақстан ұрпаққа қанша қарыз қалдырады?
Бұл сұрақтарды тілшіміз макроэкономист Аякөз ХАНЕТКЕ қойды.
– Әлемдік қаржы процесінде мұра иесінің ауысуы және қарыздың өсуі қатар жүріп жатыр. Қазақстан осының қайсысына көбірек тәуелді?
– Швейцариялық UBS пен Credit Suisse зерттеу ұйымдарының дерегінше, алдағы 25 жылда әлем бойынша 83 триллион доллардан астам байлық мұрагерлерге өтеді. Бұл – адамзат тарихындағы ең ауқымды «байлық» қозғалысы болмақ. Сарапшылар бұл үдерісті «Ұлы қаржы көші» деп атап отыр. Қазақстан да бұл үрдістен шет қалмайды.
2023 жылы елімізде долларлық миллионерлердің саны 44307 болған, ал 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 60 мың адамға жетеді, яғни 37 пайызға артады деген болжам бар. Яғни дәулетті азаматтардығ саны көбейеді. Бірақ бұл табыс теңсіздігін де күшейтуі мүмкін. Себебі байлықтың өсуі көбіне капиталдың шоғырлануы мен мұраға қалатын активтердің артуымен байланысты.
Дәл осы мезетте әлемде екінші үлкен процесс – қарыздың күрт өсуі де қатар жүріп жатыр. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында әлемдегі қарыз мөлшері 324 триллион долларға жеткен. Қазақстанның сыртқы қарызы шамамен 173 миллиард доллар болады. Еліміз қазір қарызды да, қаржы еркіндігін де «мұраға қалдыру» мүмкіндігінің арасында тұрмыз.
– Мемлекет қарызының артуынан қандай қауіп бар?
– Қазақстанның мемлекеттік қарызы шамамен 60 миллиард АҚШ доллары шамасында. Бұл – еліміздің ЖІӨ-нің шамамен 23 пайызы. Халықаралық тәжірибеде бұл қауіпсіз деңгей саналғанымен, басты мәселе қарыздың құрылымы мен оны басқару тәсілінде. Қарыздың өсуі бюджет мүмкіндігін шектейді. Яғни бюджеттің едәуір бөлігі бұрын алынған қарыздардың пайызы мен негізгі сомасын өтеуге жұмсалса, онда жаңа бастамаларға, әлеуметтік жобаларға немесе құрылымдық реформаларға қаражат жетпей қалуы мүмкін.
Екіншіден, мемлекеттік қарыздың бір бөлігі шетел валютасымен алынғандықтан, теңге бағамы құнсызданса. қарыз жүктемесі артады. Үшіншіден, бюджет тапшылығын жабу үшін көбіне Ұлттық қордан трансферт бөлінеді. Төртіншіден, қарыз деңгейі Ұлттық қор активтерінің мөлшеріне тең болып тұр. Егер бұл үрдіс осы қарқынмен жалғаса берсе, қордағы қаржы болашақ үшін емес, шығындарды жабуға кетеді. Бесінші қауіп – қаржы нарығындағы сенім мен кредиттік рейтинг. Егер мемлекеттік борыш үнемі өсіп, оның басқару жүйесі ашық әрі болжамды болмаса, елдің кредиттік рейтингі төмендеп, қарыз алу қымбаттайды.
– Экономиканы әртараптандыру жайында көп айтылады. Қандай салалар Қазақстанды мұнайдан тәуелсіз ете алады?
– Қазақстан үшін өңдеуші өнеркәсіпті тереңдету экономикалық дамудың басты бағыты болуы керек. Металлургия мен машина жасау салаларында жоғары қосылған құнды өнім өндіру елдің экспорт құрылымын түбегейлі өзгерте алады. Қазір металл шикізат күйінде экспортталады, ал одан дайын өнім құрылыс техникасы, ауыл шаруашылығы машиналары немесе көлік бөлшектері өндірілсе, бұл нақты экономикаға серпін береді.
Мұнай-химия саласын дамыту да стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мұнайды тек шикізат түрінде емес, полимерлер мен тыңайтқыш сияқты дайын өнімге айналдыру арқылы ел жаңа өнеркәсіптік кластер қалыптастыра алады. Сондай-ақ агроөнеркәсіп пен азық-түлік өңдеу саласында да зор әлеует бар. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, ауыл халқын жұмыспен қамтуды күшейтеді.
– Біз қай салаға басымдық беріп жүрміз?
– Еліміз басымдық беріп дамып жатқан сала – цифрлық экономика мен технологиялық инфрақұрылым. Қазақстан соңғы жылдары цифрлық үкімет, электрондық қызмет көрсету, финтех және стартап-инновациялар саласында айтарлықтай жетістікке жетті. Astana Hub, Digital Bridge сияқты платформалар өңірлік цифрлық орталыққа айналып келеді. Бұл бағытты одан әрі дамыту, яғни цифрлық өндіріс пен жасанды интеллектті нақты секторға енгізу жаңа экономикалық драйвер бола алады.
– Бүгінгі бюджет шығындары мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер бұл тәртіпке қаншалықты сәйкес?
– Қазақстанда Ұлттық қордан берілетін трансферттер жылына 4 трлн теңгеден асады, бұл – республикалық бюджеттің шамамен төрттен бірі. Мемлекеттік шығындардың экономикалық өсімнен жоғары болуы инфляция мен теңге әлсіреуіне ықпал етеді, яғни фискалдық тәртіп талаптары толық сақталып отырған жоқ. Зерттеулер көрсеткендей, бюджет ережелерін жүйелі ұстанатын елдерде банк тұрақтылығы жоғары, проблемалық несиелер аз. Ал Ұлттық банк деректері бойынша, қазіргі шығындардың елеулі бөлігі импортқа кетіп, экономикалық қайтарымы төмен болып отыр.
– Ұлттық қорды қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз?
– Ұлттық қордың әлеуеті зор, бірақ соңғы жылдары трансферттердің көбеюі қордың жинақтау функциясын әлсіретіп жіберді. Егер қор тек қысқа мерзімді фискалдық тапшылықты жабу көзіне айналса, онда оның басты миссиясы келешек ұрпаққа мирасқа қалу жүзеге аспайды. Сондықтан қордың тиімділігін арттыру үшін қатаң ереже мен есептілік қажет.