20 июня 2024 г. 12:40

«Мұндай масқараны бұрын-соңды көрген емеспін!» – «Елімай» командасы жанкүйерінің жанайқайы

Фото: Фото: ғаламтордан

Кеше футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалының қарымта ойыны өтіп, семейлік «Елімай» өз алаңында «Ақтөбемен» кездесті. Бұл туралы sportarena.kz сайты хабарлады.

Ойында 2:1 есебімен Семей командасы жеңді, алайда ойынды қосымша уақытта жалғастыру үшін семейліктерге тағы бір гол жетпей қалды. Өйткені алғашқы ойын 2:0 есебімен «Ақтөбенің пайдасына шешілген болатын.

Бірақ бұл ойынның түйіні есеп көрсеткіші емес, басқа нәрсе болған сыңайлы. «Елімай» командасының құрылғалы бергі айнымас жанкүйері Саясат Сәрсенбинов осы ойынды көріп, төбе шашы тік тұрғанын айтады. Жанкүйердің жанайқайы жазылған видео әлеуметтік желіде жарияланды.

«Ойын аяқталғалы бері екі сағат өтті, бірақ мен әлі үйге кіре алмай, жан-дүнием алай-дүлей боп отырмын. «Елімай» командасына жанкүйерлік еткен 60 жылда мұндай масқараны көрген емеспін!

Біріншіден, төреші «Елімайдың» үшінші нақ голын санамай тастады. Екіншіден, «Ақтөбе» ойыншылары өзін өте дөрекі ұстады. Олар төрешіні итерді, жанкүйерлерді балағаттады. Өзім құрметтейтін Рамазан Оразов барлық жанкүйерлерді масқаралап, макакаға теңеді.

«Ақтөбе» ойыншылары: «Біз – Әділет Барменқұловтың командасымыз, бізге бәрібір. Кубок – біздікі, чемпиондық – біздікі», – деп ашық айтып жүр. Олар жеңісін алдын ала тойлап қойды. Мұндай бассыздық қашан тоқтайды?

Қымбатты Әділет Назарбайұлы Барменқұлов, меніңше, сіз өз еркіңізбен кеткеніңіз жөн. Футболмен футболды түсінетін адамдар айналыссын», – дейді жаны күйген жанкүйер.

Фото: ғаламтордан

Естеріңізге салайық, Әділет Барменқұлов 2022 жылы ақпанда Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланған.