«Мұндағы тамақты ит те жемейді!». Интернат қызметкерлері бас көтерді
Алматы қаласында психикасы бұзылған науқастар жататын «Демеу» интернат үйінің қызметкерлері бас көтерді. Олардың айтуынша, мекемені үш жылдан бері басқарып келе жатқан директор Дәнипа Төлепбергенқызы тарапынан қысым көріп жүр. Бүгін 50 шақты қызметкер шағымын журналистерге жеткізді.
Мәселен, интернат үйінің қызметкері Ләззат Каримованың айтуынша, жалақы аз, есесіне жүктеме көп.
«Осында істегеніме 9 жыл болды. Мұның алдындағы басшы агроном еді. Науқас балаларға қараудың орнына, гүл егіп жайымызға кеткенбіз. Мына директордың мамандығы – мұғалім. Психикасы бұзылған балаларды кәдімгі сау балалардай көреді. Біз 17 жастан жоғары науқастармен жұмыс істейміз. Бір постта 117 науқас бар. Оларға стандарт бойынша 2 медбике, 7 санитар қызметкері болуы керек. Бізде олай емес, бір тәулікте 120 науқасқа 1 медбике, екі санитар ғана жұмыс істейді. 3 адам қалай үлгереді? 5 рет тамақ береді, киімін ауыстырады. Бір айда 4-5 ауысыммен істейді. Бұл арқылы мекеме басшылығы «Еңбек кодексін» бұзған жоқ па? Жақында жаңа жұмыс кестесі шықты. Бұл бойынша 117 науқасқа бір медбике, 2 санитар ғана қарайды екен. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл балалар бір-бірімен төбелеседі, бұтына жіберіп қояды. Қалай ие болады? Ал пікірімізді айтсақ, қит етсе, «жұмыстан шығарамын» деп сес көрсетеді. Жалақымыз да өскен жоқ. 2016 жылы қалай еді, әлі өзгермеді. Жыл сайын дәрігерлерге 30-40 пайыз қосылса да, бізге қосылмайды. 2016 жылы 71 мың теңге жалақы алсақ, қазір 80 мың айналасында ғана», – дейді ол.
Ең сорақысы, наразылық танытқан медицина қызметкерлерінің пікірінше, жалақылары да қысқарып қалады екен.
«24 сағат істейміз. Бірақ түскі ас ішуге 15-ақ минут береді. Өздері таңғы сағат 9-да келеді де, күндізгі 3:15-те кетеді. Жарты ставкада жұмыс істейді? Ал боқ-сідік жуып жүрген біздің жалақыны қысқартады? 2020 жылдың желтоқсан айында 190 мың 981 теңге жалақы шықты. Бірақ қолыма 37 мың теңге алдым. «124 мың 500 теңге қарызсың» дейді. Ол қандай қарыз? Сұрамаған авансты бердік дейді. Неге олай мәжбүрлейді? Ешкім дұрыс жауап бермейді. Тіпті, арыз жазып, өздері қол қойып тастаған» дейді тағы бір қызметкер.
«Мұның мән-жайын бас есепшіден сұрасақ: «Біз жыл аяғында бөлінген ақшаны игере алмай қалдық та, әр қызметкерге 30-50 мыңнан лақтырдық. Бірақ оны келесі айда қайтадан қайтарып аламыз» дейді. Не үшін? Оның бізге несі тиімді?
Ақшаны игере алмаса, неге осында жұмыс істейтін жалғызбасты аналарға көмектеспейді? Неге мекеменің керек-жарағын алмайды? Қит етсе, сөгіс береді. Мемлекет беретін сыйақыны қысқартып тастайды. Сыйақыға екі рет 51 мыңнан қол қойдық, бірақ қолымызға 35 мың берді» деп ашынады олар.
Тағы бір наразылығын жеткізген Лариса атты қызметкер былай деді: «Мұнда біздің жұмысымызды түсінбейтін біреулер басшы болады. Бұдан бұрын құрылысшы, агроном директор болды. Енді мұғалім келді. Ол өзі демалуға келетін сияқты. Науқастармен жұмыс істеудің қандай қиын екенін түсінбейді. Біздің жұмысымыз өте ауыр. Жүйкемізді әуелі науқастар, сосын әкімшілік құртатын болды. Барлық жерге камера қойған. Киінетін жерге де қойылған. Біз балабақшада жүрміз бе? Бізге де психологиялық қысым көрсетіп жатыр. Бұл не сұмдық?!».
Мекемеге желтоқсан айында прокуратурадан тексеру келген көрінеді. «Алайда, ешқандай мін таба алмады» дейді қызметкерлер.
«Бір тәуірі, прокуратура келсе, тамақ түзеледі. Қалай кетеді, тамақ құнары бұзылады. Ет жоқ, май жоқ. Көп науқас азып-тозып кетті. Дұрыс тамақ болмаған соң іштері өтеді. Шіріген алма береді. Иммунитет жоқ. Ауырса, ағзасы көтере алмайды. Шынын айтсақ, беретін тамағын көшедегі ит те жемейді. Сондықтан жоғары жақтан келіп тексеруін талап етеміз» дейді олар.
Мекеме басшысы Дәнипа Төлепбергенқызының уәжі қандай? Ол қызметкерлерінің қалай қарыз болып қалғанын да білмейді екен. «Осы айдың аяғына дейін комиссия құрып, артық ақшаларын қайтарамыз» деп жылы қайырды. Ал науқастардың тамағы жөнінде: «Мұндағы жатқандарды тамақпен қамтамасыз ету тендерді ұтып алған компанияның құзыретінде. Бұған біздің қатысымыз жоқ», – деп жауап берді «Демеу» интернат үйінің директоры.
Осы мәселе бойынша тілшіміз Алматы қалалық әкімдігінің әлеуметтік әл-ауқат басқармасы орынбасарының міндетін атқарушы Жәнібек Қаратаевқа хабарласты.
– Бүгін мекеме бойынша арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды. Комиссия қаржылық бөлімін тексереді. Бірақ ресми түрде ақпарат түскен жоқ. Бірақ бізге журналистер хабарласқан соң, тексеруді қолға алдық. Айтылған жайттар шын ба, жоқ па, бәрі тексеріледі. Әрине, қызметкерлердің шағымы ескеріледі.
Арнайы комиссия құрылып, мән-жайды анықтай жатыр. Ал мекеме қызметкерлері өздерін қарызға белшесінен батырған директор мен бас есепшінің жұмыстан кетуін талап етіп отыр.