Үкімет Қазақстан экономикасын дамытудың үш сценарийін әзірледі
Бүгін, 14 қазанда Құрылтайда «2027 – 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Астана, NEGE. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы бойынша болжамдарын төмендетті. Консенсус-болжам барреліне 70,3 АҚШ долларына дейін төмендетілді.
Бұл ретте ұлттық экономика министрі сыртқы жағдайлардың өзгеруіне байланысты болжамның үш нұсқасы қарастырылғанын атап өтті.
«Оптимистік нұсқа бойынша мұнайдың болжамды бағасы – барреліне 85 АҚШ доллар. Экономиканың орташа жылдық өсімі 5,9 пайыз деңгейінде болжанады. Пессимистік нұсқада мұнай бағасы – барреліне 50 АҚШ доллар. Жалпы ішкі өнім өсімі орта есеппен 3,2 пайыз болады деп болжануда. Базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды» – деп атап өтті Жұманғарин.
Базалық нұсқаға сәйкес, 2027 – 2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде болжануда. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі деп болжанып отыр.
Ал инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 пайыз, 2028 – 2029 жылдары 6-8 пайыз деңгейінде анықталған.