«Мұқағали» фильмі Дубайдағы халықаралық кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алды
Белгілі режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» көркем фильмі Дубайдағы Мeta Film Fest кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудияның баспасөз қызметі.
Алматы, NEGE. Meta Film Fest, Таяу Шығыс, Азия және Африка киноиндустриясын қамтитын жаңа халықаралық кинофестиваль 27 қазанда Джумейра Пальмасындағы Nakheel Mall-дағы Vox Cinemas кинотеатрында басталды. Фестивальде 25 елден 70-тен астам фильм көрсетілді.
Айта кетейік, төрт қазақстандық фильм «Мұқағали», «Ұлы дала таңы», «Ақын» және «Конокрады» кинофестиваль байқауының негізгі бағдарламасына кірген болатын.
Белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» картинасы оның өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.
Фильм қазақстандық прокатқа 2021 жылдың 21 қазанында шыққан болатын.
Фильмнің әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті, онда қазақстандық картина экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. Ағымдағы жылдың наурыз айында өмірбаяндық картина Кераладағы (Үндістан) 26-шы Халықаралық кинофестивальдің «Әлемдік кино» секциясында ұсынылды. Жақында «Мұқағали» фильмі Қазан кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, фильм Гатчинадегі (Ресей) "Әдебиет және кино" Халықаралық кинофестивалінде қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтың үздік жұмысы үшін қазылар алқасының арнайы дипломына ие болды.