21 августа 2020 г. 19:23

Мұхтар Тайжанды Ұлттық кеңестен қуып жіберді ме?

Ұлттық кеңестің кейбір мүшелері ауысқаны әлеуметтік желіде кәдімгідей сөз болып жатыр. «Мұхтар Тайжанды Ұлттық кеңестен қуып жіберіпті» деген жазбаны да көзіміз шалды.

Ақорданың баспасөз қызметі ротация туралы былай деп хабарлады: «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына бірқатар азаматтық қоғам өкілдері – «Дос» тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Ерділдинова, Atameken Business телеарнасының бас дриректоры Қанат Сахариянов, журналист, блогер Өркен Кенжебек, медиа сарапшысы Максим Рожин, әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров енгізілді.

Ротация аясында кеңес құрамынан Д.Әшімбаев, М.Тайжан, С.Құттықадам, Б.Мусин және Ж.Қожық шығарылды».

Тілшіміз қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанға хабарласып пікірін сұрады. Ол Ұлттық кеңестен шығып қалғанын біледі екен.

«Иә, кеңестен шыққанымды білемін», ­– деп жауап берді. «Сізге алдын ала ескертілді ме?» деген сауалымызға: «Бұл туралы Фейсбукте арнайы пост жазамын. Содан қарап алыңыз», – деп қысқа қайырды.

Сүт пісірім уақыттан соң М.Тайжан Фейсбукте бүй деп жазды (қаз-қалпында беріп отырмыз – ред.):

«Достар, бәрі де ауысу керек деп үнемі айтып жүреміз. Президенттер, үкімет мүшелері, депутаттар, сенаторлар, сонда неге Ұлттық кеңес мүшелері ауыспау керек? Біздер де ауысу керекпіз әлбетте. Ротация деген елге өте пайдалы.

Саясат деген мүмкіндікті пайдаланып елді жақсарту деген үрдіс қой. Ұлттық кеңестің мүшелікпен пайдаланып біраз жұмыс атқардық. Ол туралы маусым айында жазғанмын.

Оның ішінде ең үлкен нәтиже космомониторинг деп білем. Жаңа технологиямен пайдаланып жарты жылда 7 млн га бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алуға үлес қостық. Бұл бұрын ешқашан болмаған жағдай.

Бірақ мен қоғамдық жұмысымды жалғастырай берем. Ұлттық кеңестен бұрын, сол кеңестің құрамында да, одан кейін де ұстамымым өзгермейді. Ортақ мақсатқа қадам басай береміз.

Бүгін бізде отбасылық мейрамымыз бар еді, сондықтан осында көп отырай алмаймын. Ұлттық кеңесте қалып жатқан әріптестеріме сәттілік тілеймін, жұмыстарыңыз халқымыз үшін жемісті болсын!

Ал менмен бірге кетіп бара жатқан компаниям өте жақсы болып тұр - Сейдахмет Құддықадам, Жәнібек Қожық, Бағдат Мусин!

Жақсылық пен аманшылық болсын, достар! Мақсатымызға бірге әлі жетеміз!».

Ұлттық кеңес мүшелігінен шығып қалған журналист Жәнібек Қожық алдын ала ескертілгенін айтты.

«Иә, маған хабарласып айтты. Бұл кеңестен мен ғана емес, бірнеше азамат шығарылды. Жалпы, бізді пәлен жылға тағайындаған жоқ қой. Жаңа адам кіріп, алдыңғысы шығып жатады. Тағы да айтамын, Ұлттық кеңеске сайланған жоқпын. Мені өздері шақырды, бардым. Бұл жерге барғанда Тоқаевтың абыройын, Назарбаевтың беделін көтеруге барған жоқпын. Ондағы 44 адамның ішінде мен ғана ауылдан шығармын. Сондықтан биік мінберден шалғайда жатқан ауыл халқының жағдайын жеткізгім келді. Біз Ұлттық кеңеске мүше болғалы екі-ақ рет отырыс болды. Бірінші отырыс 2019 жылдың 6 қыркүйегінде өтті. Сол кезде өз басым 3 мәселе көтердім. Бірінші, зейнет жасына байланысты. Ер азаматтарды 60, әйелдерді 50 жаста шығару керек дедім. Екінші, Қытай мәселесі. Үшінші, шетелдік жұмысшыларға беретін квота санын қысқартып, орнына жұмыссыз жүрген өз азаматтарымызды алу.

Екінші отырыс 2019 жылдың желтоқсанында өтті. Сол кезде президент Тоқаев менің талабымды ескеріп, шетелдіктерге берілетін 48 мың квотаны 28 мыңға азайтты. Сөйтіп, 20 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмысқа орналасты. Нәтижесінде елімізде заңсыз жүрген көптеген шетелдіктер елден шығарылды.

Осыдан кейін отырыс болған жоқ. Тек биыл мамыр айында онлайн отырыс өтті. Өзім карантин кезінде де тектен-тек жатпадым. Кеңес отырысы болмаса да, әртүрлі мәселе бойынша бірнеше хат жібердім. Енді «орныңызға басқа адамдар келеді» деді. Қарсылық жоқ», – дейді журналист Жәнібек Қожық.

«Ұлттық сенім кеңесінен шығып қалу – сенімнен шығып қалу» деген ой тумаса керек, сірә. Дегенмен де 44 адамның ішінен аты аталған кейбір «мүшелердің» үйірден шеттеп қалуы біраз ойға жетелейді...

Тегтер: