Мүгедектігі бар адамдарға қаржылық қызметтердің қолжетімділік сапасын арттыруға бағытталған жұмыс тобы құрылды
ҚР ҚНРДА қаржылық қолжетімділік пен инклюзияны кеңейту жұмысын жалғастырып жатыр.
Алматы, NEGE. Қаржылық қолжетімділік пен инклюзия деңгейін арттыру шеңберінде Агенттік мүгедектігі бар адамдардың (бұдан әрі - МБА) және халықтың қауқары аз топтары (ХҚАТ) өкілдерінің қаржылық қызметтер мен өнімдерді тұтынуы үшін кедергісіз және ыңғайлы орта құру мәселелеріне көп көңіл бөледі.
Осыған байланысты Агенттіктің негізгі жұмысы 3 негізгі бағытты іске асыруға шоғырланған: 1) МБА мен ХҚАТ үшін іс жүзіндегі және ақпараттық қолжетімділік бойынша қаржы ұйымдарына арналған әдіснамалық база қалыптастыру; 2) МБА мен ХҚАТ құқықтарын, оның ішінде қаржы өнімдері мен қызметтерін пайдалану кезіндегі алаяқтық әрекеттерден қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу; 3) МБА мен ХҚАТ-қа қаржылық қолжетімділік және инклюзия бойынша Агенттіктің қабылдайтын шаралары туралы ақпарат беру.
2020 жылы әдіснамалық база әзірлеу үшін Агенттікте Қазақстан Республикасында қаржылық инклюзияны дамыту жөніндегі мамандандырылған орган – Мүгедектігі бар адамдар үшін қаржылық қызметтердің қолжетімділігі деңгейін және сапасын арттыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Жұмыс тобы Еңбекминімен бірлесіп, барынша көп сұранысқа ие қаржылық қызметтерді айқындау үшін МБА өкілдеріне сауалнама жүргізеді. Өткен жылғы сауалнама нәтижелері бойынша МБА-ның қаржылық қызметтерді алуларына кедергі келтіретін факторлар анықталды. Қаржы ұйымдары үшін әдіснамалық базаны қалыптастыру үшін және сауалнаманы талдау, сондай-ақ қаржылық инклюзия саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу негізінде Агенттік Әдістемелік ұсынымдардың екі түрін әзірледі:
- қаржылық қызметтерді ұсыну және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету бойынша қаржы нарығының ұйымдары үшін – банктер мен МҚҰ бөлімшелерінің іс жүзінде қолжетімді болуы;
- МША адамдарға ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша – қаржы ұйымдарының сайттары мен мобильдік қосымшаларын бейімдеу.
Әдістемелік ұсынымдардың қолданылуын және оларды қаржы ұйымдарының іс жүзінде қолдануын күшейту үшін Агенттік «Қазақстан Республикасының аумағында мүгедек адамдарға және халықтың қауқары аз топтарына қаржылық қызмет көрсету және оларға қызмет көрсету жөніндегі қағидалар жиынтығын» әзірледі.
Орта мерзімді перспективада Қағидалар жиынтығы негізінде мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік барлық объектілер үшін Әлеуметтік стандартты әзірлеу жоспарлануда. Стандарт келесі жылы қабылданады деп күтілуде.
МБА мен ХҚАТ құқықтарын қаржылық өнімдер мен қызметтерді пайдалану кезінде алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында Агенттік мүгедектігі бар адамдар мен қарттарды алаяқтардың әрекеттерінен қосымша қорғауды қамтамасыз ететін «Екінші қол» сервисін енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі.
«Екінші қол» сервисін әзірлеудің алғышарттары алаяқтықтың әртүрлі түрлерінің өсуі және азаматтардың қашықтықтан қаржылық қызметтерді алуы кезінде әлеуметтік инженерия элементтерін қолдану болды. Әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар – мүгедектігі бар адамдар, қарт адамдар және халықтың қауқары аз топтарының басқа да өкілдері қорғауды талап етеді.
МБА мен ХҚАТ-қа қаржылық қолжетімділік пен инклюзия бойынша Агенттік қабылдап жатқан шаралар туралы хабарлау, қаржы ұйымдары бөлімшелерінің МБА мен ХҚАТ-қа бейімделген инфрақұрылымы туралы өзекті ақпаратты орналастыру мақсатында «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған банк бөлімшелерінің қолжетімділік картасы» қолданылады. Онда Астана, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар үш қаладағы мүгедекті бар адамдарға бейімделген 204 банк бөлімшелері ұсынылған. Бұл бөлімшелерде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жабдықталған пандустар, ерекше қажеттіліктері бар клиенттермен жұмыс істеу үшін арнайы оқудан өткен менеджерлерді шақыру батырмалары бар.
3 банк (Bereke Bank, Kaspi.kz, ЦентрКредит Банкі) Алматы қаласында толығымен инклюзивті бөлімшелер құрды. Алдағы екі жыл ішінде Әлеуметтік стандарт пен қаржы ұйымдарын тиісті техникалық жабдықтау қабылданған жағдайда қаржы ұйымдарының барлық бөлімшелері толығымен инклюзивті болады.