«Мұғалімдерді мәжбүрлемейміз»: министр ақылы курстарға қатысты пікір білдірді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова кей мұғалімдерді біліктілікті арттыру жөніндегі ақылы курстарға қатысуға мәжбүрлейтіні туралы сынға жауап берді. 

magnific.com

Астана, NEGE. Құрылтай қабырғасында өткен брифингте журналистер министрлік жүйесіндегі педагогтерге арналған ақылы курстар мен байқаулар өткізу мәселесін көтерді.

Бұған дейін мұғалімдердің біліктілікті арттыру курстарына және «Педстарт» олимпиадасына қатысу үшін ақы төлейтіні туралы сын айтылған.

«Біз педагогтерді ақылы курстардан өтуге міндеттемейміз. Бұл – мұғалімнің өз таңдауы. Егер қатысқысы келсе, қатыса алады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар министр біліктілікті арттыру курстарының сапасына қатысты мәселе бар екенін мойындады. Қазір Қазақстанда «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығымен қатар, министрлік тізіліміне енген 200-ге жуық ұйым педагогтерге арналған курстар өткізе алады.

Сүлейменованың айтуынша, курстардың мазмұнын, мұғалімдердің білімін бағалау тәртібін, сертификаттау жүйесін және сабақ беретін тренерлердің біліктілігін зерделеу қажет.

Министрлік бұл бағыттағы жұмысты қайта қарап, сапалы курстарды қолдауға ниетті.