Мұғалімдер жалпыұлттық ереуілге шықты
Францияда мұғалімдер жалпыұлттық ереуіл ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Олар мектептерде санитарлық шараларды күшейтуді талап етіп отыр. Локдаунға қарамастан, елдегі ірі қалалардың көбінде наразылық шерулері өтті. Бой көтеруге ұстаздар мен оқушылар арасында коронавирусты жұқтырудың жиілеп кетуі себеп. Қазіргі ережелер бойынша жасы алтыдан асқан балалар маска тағып жүруі тиіс.
Мектептердегі бөлмелерді мұқият тазартып, күніне бірнеше рет желдетіп тұрады. Алайда мұғалімдердің пікірінше, бұл шаралар жеткіліксіз. Осы аптадан бастап жоғары сынып оқушыларына жаңа кесте енгізіледі. Жарты апта мектепте, ал қалған уақытын үйлерінде қашықтан оқитын болды. Ұстаздар оқушылардың барлығын осы жүйеге ауыстыруды талап етіп отыр. Билік өкілдері мектеп қызметкерлерін тестілеуді күшейтуге уәде берсе де, оқу кестесін өзгерткісі келмейді.