Муфтият ұялуға болмайтын төрт жағдайды атады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұялу құпталмайтын төрт жағдайды атады.
Астана, NEGE. Діни басқарма ар мен ұят адамның ішкі мәдениетінің негізі екенін атап өтті. Муфтияттың пікірінше, отбасында «ұят болады» және «обал болады» деген ұстанымдармен тәрбиеленген бала өзгенің құқығын құрметтейтін, әділетті, еңбекқор әрі жауапты азамат болып өседі.
«Ар мен ұятты бәрінен жоғары қойған тұлғалар көбейгенде ғана рухани кемел, мәдениетті әрі әділетті қоғам құра аламыз», – делінген хабарламада.
Муфтияттың түсіндіруінше, ұят мұсылман үшін маңызды қасиет болғанымен, ол адамды міндетін орындаудан, білім алудан және шындықты айтудан шектемеуі керек.
Біріншіден, адам дінде міндеттелген істерді орындаудан ұялмауы қажет. Оған дәрет алу, намаз оқу, ораза ұстау және басқа да ғибадаттар жатады.
Екіншіден, ұялшақтық тыйым салынған әрекеттерге итермелемеуі керек. Мысалы, «жұрттан ұят болады» деп ішімдік ішу немесе қонақтан қысылып, дастарханға арақ қою – ұялудың құпталмайтын түрі.
Үшіншіден, ақиқатты айтудан ұялуға болмайды. Муфтият қазақ халқының «Ұлы сөзде – ұят жоқ» деген нақылын келтіріп, қажет кезде шындықты ашық айтудың ұят саналмайтынын атап өтті.
Төртіншіден, білім алудан және білмегенін сұраудан қысылмау керек. Адамның жасы үлкен болса да, жаңа нәрсе үйренуден немесе сұрақ қоюдан ұялуы дұрыс емес.