Мобильді аударымдарды тексеру: айыппұл салына бастады ма?

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Сенат кулуарында қазақстандықтардың мобильді аударымдарын тексеру мәселесіне қатысты пікір білдірді.

magnific.com

Астана, NEGE. БАҚ өкілдері Ержан Біржановтан «Мобильді аударымдарды тексеру нәтижелері бойынша қазақстандықтарға хабарламалар жіберіле бастады ма?» деп сұрады.

«Жұмыс жүргізіліп жатыр, біз барлық санат бойынша хабарламалар жолдап жатырмыз. Бірақ оның өз мерзімі бар – 30 жұмыс күні. Нәтижесін салық төлеушілеріміздің әрекетінен көріп отырмыз. Талаптарды орындауға 30 жұмыс күнін береміз. Азаматтарға декларация тапсыруға немесе, шартты түрде айтқанда, түсініктеме беруге мүмкіндік жасаймыз», – деп жауап берді вице-министр.

Бұл ретте ол ешқандай айыппұл санкциялары, қандай да бір шектеу шаралары немесе банк тарапынан салынатын айыппұлдар қолданылмайтынын атап өтті.

Еске салсақ, Қазақстанда 15 сәуірден бастап мобильді аударымдарды тексеру басталды.

Мобильді аударымдар үш критерий бойынша бақылауға алынады және осы үш критерий бір мезгілде орындалуы тиіс. Атап айтқанда, жеке тұлға үш ай қатарынан (мысалы, қаңтар, ақпан және наурыз айларында) 100 түрлі адамнан ақша аударымдарын алып, оның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, бұл адам салықтық бақылауға алынады.

Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, азаматтардың бір-біріне кофе, түскі ас немесе ұсақ шығындар үшін ақша аударуы тексеріске негіз болмайды. Сол сияқты туыстар арасында қаражат жинау, мерекелік шараларға ақша қосу немесе «бата» ретінде көмек беру де кәсіпкерлік қызмет белгісі болып саналмайды.

Қазір оқып жатыр

Енді пара беруге уәде еткен адам да қылмыстық жауапқа тартылады

Сұлтан Сәрсемәлиев балдызын «қасақана өлтірді» деген айыппен келіспеді

Тәуелсіздік сарайында Ресей Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

АҚШ Ормуз бұғазында жаңа соққылар жасады