Мобильді аударымдар: Әріптестердің туған күнге жинаған ақшасы бақылауға алына ма?
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға қатысты салықтық бақылау ережелерін түсіндірді.
Алматы, NEGE. Ержан Біржановтың айтуынша, мобильді аударымдар үш критерий бойынша бақылауға алынады және осы үш критерий бір мезгілде орындалуы тиіс. Атап айтқанда, жеке тұлға үш ай қатарынан, мысалы қаңтар, ақпан және наурыз айларында, 100 түрлі адамнан ақша аударымдарын алып, оның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, бұл адам салықтық бақылауға алынады. Екінші деңгейлі банктер мұндай деректерді фискалдық бақылау үшін ұсынады.
Осы орайда БАҚ өкілдері вице-министрге: «Әр ай сайын туған күндерге ақша жинап жатамыз. Кейде бұл үш ай ішінде 100 түрлі адамнан түскенде миллион теңгеден асып кетуі мүмкін. Мысалы, компанияда 150–200 адам болуы мүмкін. Мұндай жағдайда не істейсіздер?» – деп сұрақ қойды.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай жағдайлар жіті тексеріледі.
«Осындай жағдайлар болып қалса, біз бір ұйымда бір адамның тұрақты түрде қандай да бір шараларға ақша жинағанын, аударымдар саны 100-ден асып, сомасы шектен шыққанын көретін боламыз. Әрине, сол тұлғаға ескерту хатын жолдап, одан түсініктеме аламыз. Бұл аударымдардың жақын адамдардан, белгілі бір мақсатта түскеніне көз жеткізсек, оған ешқандай сұрақ туындамайды», – деді Біржанов.
Сонымен қатар, вице-министр жеке тұлғалардың шоттары бұғатталмайтынын да атап өтті .
«Біз тек анықталған айырмашылықтар бойынша хабарлама жолдаймыз, содан кейін оны жеке кәсіпкер ретінде тіркеу қажеттілігі бар-жоғын анықтаймыз. Сонымен қатар қайырымдылыққа немесе өзге де жағдайлар бойынша түскен қаражат ескеріледі. Шоттарды автоматты түрде жабу қарастырылмаған», – деді ол.
Әлеуметтік желіде «егер аударым сомасы 1 миллион теңгеден асса, адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс» деген ақпарат тарады. Ержан Біржанов аталмыш ақпаратты жоққа шығарды.