ММА-ден әлем чемпионы Зейнеп Оразхан допинг үшін алтынынан айырылып, үш жылға жарыстардан шеттетілді

ММА шебері Зейнеп Оразхан антидопинг ережесін екі рет бұзғаны үшін үш жылға жарыстардан шеттетілді. Бұған қоса, 2024 жылғы әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медалінен айырылды.

Зейнеп Оразхан/Instagram

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) хабарлады.

ITA мәліметінше, спортшының допинг-сынамасы 2024 жылғы 14 желтоқсанда Индонезияның Тангеранг қаласында өткен GAMMA әлем чемпионаты кезінде алынған. Зерттеу нәтижесінде оның ағзасынан мельдоний анықталған. Бұл препарат Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген және оны жарыс кезінде де, одан тыс уақытта да қолдануға қатаң тыйым салынған.

Бұдан бөлек, Зейнеп Оразхан 12 сағат ішінде 100 миллилитрден астам сұйықтықты көктамыр арқылы қабылдағанын мойындаған. Антидопинг ережесіне сәйкес, бұған да тыйым салынған.

Спортшыға іс қозғалған кезде уақытша жарыстан шеттету санкциясы енгізілген. Алайда ол уақытша шеттету талаптарын сақтамағандықтан, бұл кезең негізгі дисквалификация мерзіміне есептелмейді.

ITA ұсынған жазаға спортшы қыз келіскен. Заңбұзушылықты ерте мойындағаны үшін оған тиісті дисквалификация мерзімінен бір жыл шегерілген. Осылайша, төрт жылдық жаза үш жылға қысқарған.

Спортшы 2026 жылғы 20 қазаннан 2029 жылғы 19 қазанға дейін жарыстарға қатыса алмайды.

Сонымен қатар 2024 жылғы әлем чемпионатындағы нәтижелері, соның ішінде медальдары, ұпайлары мен жүлделері жойылған. Допинг-сынамасы алынған 2024 жылғы 14 желтоқсаннан кейінгі барлық жеке жарыс нәтижелері де есептен шығарылған.