22 января 2026 г. 15:40

Министрлікке құны $500 мың тұратын ойын неге керек болды?

Фото: Ойыннан скриншот/steampowered.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері құны 500 мың доллардан асатын ойынға қатысты қолданушылар сынына пікір білдірді.

Астана, NEGE. Желіде Ғылым министрлігі 500 мың доллардан астам сомаға қазақ тілін үйрететін Steppe Rider ойынын әзірлеуге тапсырыс бергені туралы ақпарат тарады. Алайда, қолданушылардың айтуынша, ойын іс жүзінде қарапайым раннер болып шыққан және аса қызығушылық тудыра қоймаған.

Қолданушылардың бұл сынына брифинг барысында Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жауап берді. Ол қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider ойыны әзірленгенін растады.

«Бұл – тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында әзірленген алғашқы отандық оқыту ойыны. Иә, қазіргі уақытта сұрақтар туындап отыр. Ойын қазақ тілін А1 және А2 деңгейлерінде үйренуге арналған оқыту құралы ретінде әзірленді. Мұндай жобалардың нарықтық құны бір платформа үшін 1 мың доллардан 300 мың долларға дейін өзгеруі мүмкін. Ал біздің ойын бірден үш платформаға арналған», – деп түсіндірді Ербол Тілешов.

Министрлік өкілі 2026 жылы ойынды жаңарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

«Ойын 2025 жылы әзірленді, ал 2026 жылға тегін кепілдік қолдау қарастырылған. Оның аясында ауқымды карта қосу, жаңа ойын механикаларын енгізу, пайдаланушылар арасындағы бәсекелестік режимді іске қосу, ойын әлемдерін дамыту, кейіпкерлерді бейімдеу, графиканы жақсарту және тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жоспарланған. Осылайша, ойын тұрақты түрде жаңартылып отырады», – дейді ол.

Оның пікірінше, мыңдаған, тіпті ондаған мың пайдаланушы, оның ішінде балалар да, осы ойын арқылы мемлекеттік тілді меңгере алады.