Министрлік Aitu қосымшасына қатысты «накруткаға» бақылау жасамайды
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин Aitu платформасына қатысты даулы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, ведомство бұл платформаның рейтингі Google Play мен App Store сервистерінде жалған пікірлер арқылы қолдан көтерілгенін я көтерілмегенін тексермейді.
Астана, NEGE. Вице-министрдің айтуынша, бұл платформалардағы пікірлерді тексеру министрліктің құзыретіне кірмейді. Министрлік тек өнім мемлекеттік органдарда пайдаланылған жағдайда оның техникалық мүмкіндіктері мен тиімділігіне ғана назар аударады.
«Министрлік ретінде жалпы Play Market, App Store сияқты платформалардағы пікірлерді тексерумен айналыспаймыз, бұл біз үшін аса маңызды емес. Ал жасанды түрде көтеру бойынша (накрутка) тексерістерге келсек, жоқ, біз ондайды жүргізбейміз», – деді Коняшкин.
Вице-министр бұл өнімді мемлекеттік орган емес, BTS Digital компаниясы дербес дамытып отырғанын атап өтті.
«Aitu өнімі туралы айтқанда, оның Цифрлық даму министрлігі немесе қандай да бір мемлекеттік компания тарапынан тікелей әзірленбегенін түсіну қажет. Бұл – BTS Digital компаниясының өнімі, олар оны өз бетінше дамытып отыр.
Әрине, министрлік өз тарапынан оны жетілдіруге қатысты кері байланыс беруге тырысады», – деді вице-министр.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сақтандыру компаниялары мен қаржы ұйымдарына клиенттермен байланыс орнату үшін жергілікті мессенджер – Aitu-ды қолдануды талап етіп, хат жолдағаны жайлы ақпарат тараған еді.
Агенттік бұл бастама қаржылық қызметтер көрсету кезінде алаяқтық әрекеттердің көбеюі аясында ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, оның ішінде дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты қарастырылып отырғанын мәлімдеді.