Министрдің өзіне НЕГЕ сөгіс берілмейді?

Өткен аптаның соңында ІІМ баспасөз қызметі «Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бірқатар өңірлердің полиция департаменті басшыларына сөгіс жариялап, кейбір жауапты қызметкерлерді орнынан алды» деп хабарлады.

Таразда жасөспірімді зорлау оқиғасынан кейін, еліміздің барлық ішкі тәртібін қадағалап отырған министрлікте жасөспірімдер мен жеткіншектерге қатысты жасалған қылмыс пен жергілікті тәртіп мәселесін қадағалайтын профилактикалық қызмет басшыларын бір сілкіп алған жиналыс болды. Өңірлердегі солқылдап тұрған тәртіп мәселесін сынға алған министр Тұрғымбаев кейбір басшыларды қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартып, кейбірін қызметінен алып тастады.

Жамбыл облыстық Полиция басқармасының басшысы Арман Оразалиевке қызметін толық атқара алмағаны үшін ескерту жасалып, Ақтөбе облыстық Полиция басқармасының басшысы Атығай Арыстановқа, Алматы облыстық Полиция басқармасының басшысы Мұрат Ұрымхановқа қатаң сөгіс жарияланды. Тараз қалалық полиция басқармасының басшысы Ардақ Мәдомаров қызметінен шеттетілді, сондай-ақ, мектеп инспекторы мен қалалық полиция бөлімдерінің басшылары жұмыстан қуылды.

Министр жиналыс барысында барлық өңірлік ішкі істер басшыларына жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып, қордаланып қалған мәселелерді саралап, тиімді шешімін табуды тапсырды. Сала басшысының сөзіне қарағанда, бұдан былайғы жерде бөлімшелік полицейлер мен мектеп инспекторларының жұмысына өзгерістер енгізіліп, олардың білім басқармаларымен, әкімдікпен өзара байланысы, мектептер мен балабақшалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күзет мекемелерін тарту қажеттілігіне басымдық беріледі.

Енді осы тұста заңды сұрақ туындайды. НЕГЕ бізде тәртіпті жолға қою үшін міндетті түрде кісішошырлық қылмыс жасалуы керек?! НЕГЕ тек тақырыптық мәселе қозғалады?! Полицейлердің өзімбілемдікке салынып заң бұзуы, парақорлығы, мас күйде адам қағуы, жол апаттарына себепкер болуы, құжат толтыру ісін бұрмалауы, тағы сол сияқты қаптап жатқан заңсыздықтар, керек десеңіз, қылмыстар қалайша тасада қалып қоя береді? Осының бәрі қоғамдық тәртіп пен құқықтық жауапкершілікті қадағалаушы органның жауапсыздығынан туындап отырған жоқ па?

Бірер басшыға сөгіс жариялап, бір-екеуін қызметінен қуғаннан қылмыс азайса, оны уақыт көрсетер. Ал енді осының бәріне жауапты «бас полицей» Ерлан Тұрғымбаевтың өзіне НЕГЕ сөгіс берілмейді?..

Қанат Ескендір

Қазір оқып жатыр

Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деп байбалам салудың қажеті жоқ

«Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет»: Президент дотацияға сеніп отыратын әкімдерді сынады

«Ересектермен бірдей жазаға тартылады»: ІІМ ата-аналарға ескерту жасады

«Кастетпен ұрған»: Таразда тоғызыншы сынып оқушысын жеті қыз жабылып соққыға жыққан