Министр Сәденов олигарх Рашид Сарсеновтың «крышасы» ма?
АҚШ инвесторы Сэм Кислин Рашид Сарсеновке жақын адамдардың әрекетінен $100 млн-нан астам қаржысынан айырылғанын мәлімдеді. Оның арызы бойынша қозғалған іс кейін жабылған. Кислин бұл шешімнің артында күмәнді жайттар бар деп есептейді.
Бәрі неден басталды?
Кислиннің айтуынша, бұл оқиға 2006 жылы басталған. Сол кезде оның Trans Commodities, Inc. компаниясы Рашид Сарсеновтың сол кездегі бизнес-серіктесі Юрий Гинатулинге $100 млн қарыз берген. Қарыздың кепілі ретінде Caspian Progressive Technology (CPT) компаниясының 50% үлесі қойылған. Бұл холдинг Helios жанармай құю станциялары желісіне және басқа да активтерге иелік еткен.
Кислин қарыздың қайтарылмағанын айтады. Кейін дау Юрий Гинатулиннің CPT-дегі үлесіне қатысты жалғасқан.
Инвестордың сөзінше, CPT-дің қалған 50%-ына иелік еткен Рашид Сарсеновтың әпкесі Алматының Медеу аудандық сотына жүгініп, Гинатулинді компания құрамынан шығаруды сұраған. Бұған Гинатулиннің жарғылық капиталға 150 мың теңге қоспағаны себеп ретінде көрсетілген.
«Юрий Гинатулинге қарсы негізсіз айыптармен қылмыстық істер қозғалып, ол Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Сот оның қатысуынсыз өтті. Соның нәтижесінде Гинатулин компания иелерінің қатарынан шығарылды. Ал маған кепілге берілген үлес іс жүзінде құнын жоғалтты», – деді Кислин.
Оның айтуынша, осыдан кейін CPT-дің активтері басқа адамдардың иелігіне өте бастаған.
«2010–2016 жылдары Helios жанармай құю станциялары желісі мен CPT-дің басқа да өтімді активтері холдингтен шығарылып, Рашид Сарсеновпен байланысы бар адамдарға берілді», – деді инвестор.
Кислиннің сөзінше, кейін 25 пайыздық үлестер Сергей Алимов, Равиль Саратов, Валихан Кошумбаев және Гульнара Сарбагышеваға өткен.
«Ұлттық қордың активтерін бұғаттау керек пе?»
Осыдан кейін Кислин өз құқығын АҚШ соты арқылы қорғауға тырысқан. Оның айтуынша, 2018 жылы Нью-Йорк штатының соты қаржы құжаттарын, ақша қозғалысын және кепіл шарттарын қарап, CPT-дегі 50 пайыздық үлестің Trans Commodities компаниясына өткенін мойындаған.
Алайда АҚШ сотының шешімімен дау аяқталмаған. Кислин бұл шешімді Қазақстанда да мойындатып, орындатуға тырысқанын айтады. Бірақ активтерін қайтара алмаған.
Сондықтан ол өз жағдайын Қазақстан мен молдовалық кәсіпкер Анатол Стати арасындағы даумен салыстырады.
«Біздің жағдайымыз да соған ұқсайды. Шетелдік инвестор стратегиялық салаға нақты қаржы салды, бірақ олигархиялық топтың жеке мүддесі заңнан жоғары тұрғандықтан капиталынан айырылды», – деді Кислин.
Ол:
«Мен Статиден бетер зардап шектім. Ақшамды қайтару үшін маған да Ұлттық қордың активтерін бұғаттау керек пе?» – деп мәлімдеді.
20 жылға жуық уақыттан кейін прокуратураға жүгінді
Бұл істің жаңа кезеңі 2026 жылдың көктемінде басталған. 17 наурызда Кислин Қазақстан Президентіне және Бас прокуратураға арызданған. Ол Рашид Сарсенов пен басқа да адамдардың әрекетін тексеріп, тергеу бастауды сұраған.
Одан кейін материалдар Алматы полициясына жіберілген. Алматы прокуратурасы NEGE-ге Кислиннің арызы бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен, яғни алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін растады.
Кислиннің айтуынша, іс тіркелгеннен кейін тергеушілер даулы активтердің кімге және қалай өткенін анықтау үшін бірнеше адамнан жауап алуға тиіс болған. Оның өкілдері бұл жөнінде арнайы өтініш те берген.
«Біз CPT активтері атына рәсімделген адамдардан, компанияның негізгі топ-менеджерлерінен және Сарсеновтың сенімді адамдарынан, ең алдымен Валихан Кошумбаевтан жауап алуды сұрадық. Бірақ олардың ешқайсысынан жауап алынбады», – деді инвестор.
Оның сөзінше, тергеу шамамен бес айға созылып, кейін тоқтатылған. Кислинге әсіресе істің жабылар алдында болған жағдайлар күмән тудырады.
Ол 26 тамызда Валихан Кошумбаев ішкі істер министрі Ержан Саденовпен кездескен деп мәлімдейді. Кислин Кошумбаевты Рашид Сарсеновтың бизнес-серіктесі әрі сенімді адамы деп атайды. Оның айтуынша, осы кездесуден кейін Алматыдағы тергеу тобы Астанаға шақырылып, артынша қылмыстық іс жабылған.
«Жоспарланған тергеу әрекеттері жүргізілмей жатып, іс сол күні асығыс тоқтатылды. $100 млн жымқыруға қатысты істі басшылықтың тікелей келісімінсіз бір күнде жабу мүмкін емес», – деп есептейді Кислин.
NEGE инвестордан министрмен болған болжамды кездесу мен тергеуге араласу туралы сөзін немен дәлелдей алатынын да сұрады. Кислин мұндай кездесудің видеожазбасы қолында жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, бұл тұжырым оқиғалардың қалай өрбігеніне және оның тарабы алған ақпаратқа негізделген.
«Жабық кабинеттерде не болғанының видеосы бізде жоқ. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатымызда кімнің, қашан және қандай негізде тергеу тобымен байланысқанын, тергеуге қысым жасалды ма, жоқ па – соны тексеруді сұрадық», – деді ол.
ІІМ мен прокуратура не деді?
NEGE Кислиннің мәлімдемелерін тексеру үшін ішкі істер министрі Ержан Саденовқа сегіз сұрақтан тұратын ресми сауал жолдады.
Редакция Кошумбаевпен кездесу болды ма, сол кездесуде Кислиннің ісі сөз болды ма, министр немесе ІІМ-нің басқа қызметкерлері тергеушілерге қандай да бір тапсырма берді ме, сондай-ақ осы мәлімдемелерге байланысты қызметтік тексеру жүргізілді ме деп сұрады.
Алайда ІІМ тек істің тоқтатылғанын хабарлады.
«Аталған өтініш бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Іс бойынша өндіріс тоқтатылып, бұл шешімді прокуратура бекітті», – делінген министрлік жауабында.
Ал Кошумбаевтың министрмен кездесуі, тергеуге қандай да бір нұсқау берілуі және қызметтік тексеру туралы сұрақтарға ІІМ жауап берген жоқ.
NEGE осы мәселелер бойынша прокуратураға да сауал жолдады. Редакция істің не себепті жабылғанын, Кислиннің тергеуге араласу туралы мәлімдемесі тексерілді ме және 26 тамыздағы болжамды кездесу туралы прокуратураға ақпарат түсті ме деп сұрады.
Алматы прокуратурасы Кислиннің арызы бойынша тергеу жүргізілгенін ғана растады. Қалған мәліметті ҚПК-нің 201-бабына сілтеме жасап жарияламады.
Кислиннің айтуынша, істің жабылғанын оған және адвокатына 27 тамызда WhatsApp арқылы хабарлаған.
«Қылмыстық істі тоқтату туралы негізделген ресми қаулыны әлі күнге дейін маған да, өкілдеріме де берген жоқ», – деді ол.
Кислин Қазақстанда істі қайта қарата алмаса, дауды халықаралық деңгейде жалғастыруға ниетті екенін айтады.
«АҚШ Әділет министрлігіне, Мемлекеттік департаментке және Конгрестің тиісті комитеттеріне жіберу үшін құжаттар дайындадық», – деді инвестор.
Ол АҚШ-тың санкциялық тетіктеріне жүгіну және инвестициялық арбитражға талап қою мүмкіндігін де қарастырып отырғанын мәлімдеді.
NEGE Сэм Кислиннің мәлімдемелеріне қатысты Рашид Сарсеновтың пікірін білу үшін онымен байланысуға тырысты, бірақ жауап ала алмады. Редакция Рашид Сарсеновқа және материалда аты аталған басқа адамдарға өз пікірін білдіруге мүмкіндік беруге және олардың жауабын жариялауға дайын.
Сэм (Семён) Кислин – Одессада туған, тегі украиналық америкалық кәсіпкер. 1973 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, бизнесін электроника саудасынан бастаған. Оның клиенттерінің арасында Дональд Трамп та болған. Кислиннің айтуынша, ол Трампқа Нью-Йорктегі Commodore қонақүйі үшін 200-ге жуық теледидар сатқан.
Кейін Кислин Trans Commodities Inc. компаниясы арқылы шикізат пен металл саудасына ауысып, посткеңестік елдерде белсенді жұмыс істеді. Нью-Йорктің саяси және іскерлік ортасында танылып, Рудольф Джулианидің сайлау науқандарына қолдау көрсеткен.
1990 жылдардың соңында америкалық БАҚ ФБР материалдарына сілтеме жасап, Кислиннің орыс тілді ұйымдасқан қылмыс өкілдерімен ықтимал байланыстары туралы жазды. Кәсіпкер бұл мәліметтерді үзілді-кесілді жоққа шығарды, ал АҚШ-та оған осы эпизодтар бойынша қылмыстық айып тағылған жоқ. 2019 жылы АҚШ Конгресі Трамп пен Джулиани айналасындағы адамдардың Украинамен байланыстарын тергеу барысында Кислиннен ақпарат сұратты.