Министр Ақтаудағы жарықтың өшуінен зардап шеккен тұрғындарға қатысты пікір білдірді
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ақтауда электр жарығының үзілуіне байланысты тұрғындардың жолды жабуына түсініктеме берді. Оның айтуынша, үзілген жоғары кернеулі сым ауыстырылып, апат жедел жойылған.
Астана, NEGE. 9 қараша күні Ақтаудың 20-шағынауданындағы бес үй жарықсыз, жылусыз және ыстық сусыз қалды. Тұрғындар бір тәулікке жуық электр қуатын күтіп, кешке 19А және 20-шағынаудандар арасындағы жолды жауып, наразылық білдірген болатын.
Ақкенженовтің сөзінше, қалада жауған жаңбыр салдарынан жоғары кернеулі электр сымы үзілген. Алайда аумақты су басқандықтан, апат орнына жету қиындаған. Кейін жаңа сым жеткізіліп, зақымданған желі ауыстырылған.
Министр жауапкершілік мәселесін облыс әкімдігі анықтауы керек екенін айтты.
«Облыс әкімдігі бұл жағдайға кім жауапты болғанын, аталған учаскеге қай ұйым қызмет көрсеткенін анықтайды деп ойлаймын. Зардап шеккен тұрғындарға әкімдікке жүгінуге кеңес беремін», – деді министр.
Сонымен қатар Ақкенженов электр желілеріне жауапты органдардың құзыреті кернеу деңгейіне қарай бөлінетінін түсіндірді. 220-500 кВ жоғары кернеулі желілер Энергетика министрлігінің қарауында болса, 110 кВ және одан төмен кернеулі желілер жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік электр желілері компанияларына қарайды.