«1 трлн 152 млрд теңгеден астам мүліктік және қаржылық активтер мемлекетке қайтарылды» – Антикор
27 маусымда Алматы қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пресс-тур ұйымдастырып, елге қайтарылған активтер туралы есеп берді. Бұл шара «Заң мен тәртіп» апталығы аясында өтті. Шараға NEGE тілшісі де қатысты.
– Қазір сіздер тұрған бұл нысан 2023 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласы әкімінің қаулысымен «Алматы дарыны» орталығына берілді. Алдағы уақытта бұл ғимарат жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагері ретінде қызмет етеді. Қазіргі уақытта нысанға күтім жасалып, күзет ұйымдастырылған. Дегенмен, ғимаратты толық іске қосу үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл бағыттағы жобамызды әкімдікке ұсындық, шешім шыққан соң нақты іске кірісеміз. Болашақта республикалық деңгейдегі оқушыларды қамтуды да көздеп отырмыз, – деді Майра Белдібаева.
Пресс-турдың басты мақсаты – заңсыз активтерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша Агенттік жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстар туралы қоғамды кеңінен хабардар ету және қайтарылған қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаларды көрсету. Бұл бастама азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып, бюджет қаржысының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қайтарылған активтердің қатарында бизнес орталықтар, әкімшілік ғимараттар, коммерциялық нысандар, үйлер, пәтерлер, аяқталмаған құрылыс нысандары, жер телімдері, люкс санаттағы автокөліктер мен ақша бар.
Шара басында Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев сөз сөйледі.
– 2022 жылдан бері Агенттік мемлекет меншігіне 1 трлн 152 млрд теңгеден астам мүліктік және қаржылық активтерді қайтарды. Оның 329,4 млрд теңгесі тікелей бюджетке аударылды. Шетелден 670,5 млн АҚШ доллары қайтарылды, оның ішінде: Аустриядан – 82,1 млн доллар, Лихтенштейннен – 260,5 млн доллар, Біріккен Араб Әмірліктерінен – 14 млн доллар, Түркиядан – 13,92 млн доллар. Бүгінгі таңда 61 мектеп салынып, биыл қосымша 28 мектептің құрылысы жоспарлануда. Алматыда мемлекетке қайтарылған төрт ірі ғимараттың үшеуі жоғары оқу орындарына, біреуі жергілікті білім басқармасына берілді, – деді Қанат Сәлімбаев.
Пресс-тур барысында біз төрт маңызды нысанды араладық. Олар бүгінде жоғары білім, ғылыми зерттеу және балалар дамуына арналған орталықтарға айналған. Нақтыласақ, «Алматы дарыны» – дарынды балалар мен жастарды қолдау орталығы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғимараты, «Kaisar Tower» бизнес-орталығы ҚазҰПУ-ға, ал «Maisat» бизнес-орталығы География және су қауіпсіздігі институтына берілген.
«Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары Майра Белдібаева былай дейді: «Қазір сіздер тұрған бұл нысан 2023 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласы әкімінің қаулысымен «Алматы дарыны» орталығына берілді. Алдағы уақытта бұл ғимарат жыл бойы жұмыс істейтін балалар лагері ретінде қызмет етеді. Қазіргі уақытта нысанға күтім жасалып, күзет ұйымдастырылған. Дегенмен, ғимаратты толық іске қосу үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл бағыттағы жобамызды әкімдікке ұсындық, шешім шыққан соң нақты іске кірісеміз. Болашақта республикалық деңгейдегі оқушыларды қамтуды да көздеп отырмыз».
Аталған нысанның жалпы аумағы – 12,5 гектар. Негізгі ғимараттың ауданы – 4500 шаршы метр, оған қоса әрқайсысы шамамен 300 шаршы метрден тұратын 6 коттедж бар. Жыл сайын бұл кешенде 55 мыңнан астам оқушы демалып, білімін жетілдіре алады. Оның ішінде ХӘОТ санатындағы 3 мың бала (жалпы 8,5 мың), қарапайым отбасылардан шыққан 30 мың оқушы, ерекше қажеттілігі бар 2,4 мың бала, сондай-ақ республикалық және халықаралық іс-шараларға қатысатын 20 мың бала қамтылады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Қымбат Мақатайқызы: «Өткен жылы университетіміз 1986 жылдан бері алғаш рет жаңа оқу ғимаратын иеленді. Бұған дейін оқу орнымызда ғимарат тапшылығы үлкен мәселе еді. Бүгінде Қыздар университетінде 12 мыңға жуық студент оқиды, оның 4 мыңы осы жаңа ғимаратта білім алып жатыр. Тоғыз қабатты ғимараттың жалпы ауданы 12 000 шаршы метр. Сонымен қатар, студенттерге арналған coworking орталығы, біліктілікті арттыру аудиториялары, жаңа кітапхана мен шахмат клубы да ашылған», – деді.
Іс-шара барысында БАҚ қызметкерлері күніне орай журналистер Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының атынан алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.