20 февраля 2026 г. 14:13

Михаил Шайдоровты дайындауға қазынадан қанша ақша жұмсалған?

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Өткен жылы спортшы мен оның командасының дайындығын қамтамасыз етуге 263 млн теңге бөлінген. 

 Астана, NEGE. Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен жаттықтырушыларына жарысқа дайындық кезінде қанша ақша төленгені туралы ақпарат жариялады.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылы бөлінген 263 394 581 теңгенің 47 миллионы 19 оқу-жаттығу жиынына (8-і Қазақстанда, 11-і шетелде), ал 16 миллионы 5 халықаралық жарысқа қатысуға жұмсалған.

2025 жылы спортшының жалпы еңбекақысы 33 989 000 теңге болған. Бұл – Спортты дамыту дирекциясы, федерация және әкімдік желісі бойынша төленген қаржының жалпы сомасы.

Спортшының жеке бапкері Алексей Урмановтың 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ ДРС және федерация желісі бойынша) 26 миллион теңгеден асқан.

Ал хореограф Иван Ригинидің 2025 жылғы еңбекақысы (ҚР ТСМ және федерация желісі бойынша) шамамен 23 миллион теңге болған.  

«Қосымша түрде жарыс бағдарламаларын қою, екі костюм тіктіру және шығармаларға авторлық құқықтарды сатып алу шығындары да қаржыландырылды. Бұған дейін спортшы әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижесі үшін 6 694 581 теңге көлемінде біржолғы сыйақы алса, жаттықтырушылар штабына қосымша 1 506 040 теңге төленді», – делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін қоғамда Шайдоровтың дайындығын мемлекет тарапынан қаржыландыруға қатысты қызу талқы болған еді. Оған спортшының әкесі Станислав Шайдоровтың өткен жылы «Караван» басылымына берген сұхбаты түрткі болды. Онда Станислав Шайдоров ұлын Алексей Урмановқа жіберу үшін 2018 жылы көлігін сатқанын айтады. Ал 2021 жылы Стокгольмде өткен әлем чемпионатында Михаил жарақатына байланысты небәрі 32-орын алған. Осыдан кейін оны ұлттық құрамадан шығарып, шәкіртақысынан айырған. Ем-дом шығындарын да отбасы өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.