29 июля 2022 г. 19:36

Меценат мемлекет: Білім саласында жасалған тәжірибе нәтиже берді

Фото:

Шілде айы сүйінші жаңалыққа толы болды. Шет мемлекетке, халықаралық олимпиалдаға қатысуға аттанған оқушыларымыз бірінен кейін бірі жүлде алып дүйім елді бір марқайтты. Бұл қазақстандық жас ғалымдардың ғана емес, педагог мамандардың да жеңісі әрі жемісі.

10-15 шілде аралығында Швейцарияның Цюрих қаласында Физикадан халықаралық олимпиадада (IPhO) өтті. Ел намысын қорғаған 5 оқушының да қанжығасы майланды. Ел қоржынына 1 алтын және 4 күміс медаль түсті.

«Бұл ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі» дейді ұстаздар. Физика Олимпиадасынан жүлде алу тіпті қиын. Өйткені, 75 елден 368 жасөспірім бақ сынады. Даниил Шатохин ұлттық құрамаға алтын әкелсе, Ерсұлтан Пітебай, Владимир Лим, Дінмұхаммед Рахымжанов және Ризабек Алпамыс күміс медаль иеленді. Бұл оқушыларымыздың былтырғы нәтижесіне қарағанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш.

Артынша, Географиядан халықаралық олимпиадаға (IGeO-2022) аттанған оқушыларымыз сүйінші жаңалықты жеткізді.

Ұлттық құрама қоржыны 1 алтын және 1 қола медальмен толықты. Ақтөбе қаласында туған Санжар Хамитов алтын, Шымкент қаласында туған Еркебұлан Тазабек қола жүлдемен ел намысын асқақтатты. Өйткені, Санжардың жеңісі олимпиадаға қатысу тарихындағы қазақстандықтардың екінші алтын медалі ретінде бағалы еді. Зияткерлікті көрсететін бұл Олимпиаданы Франция ұйымдастырып, 54 елдің 216 оқушысын алдыртқан.

Армения астанасы Ереванда өткен Биологиядан халықаралық олимпиадада (IBO-2022) да өте тартысты өтті.

Әлемнің 64 елінен келген 250 оқушы да білімімен озып тұрған, озық ойлы өрен екенін дәлелдеді. Солай болса да қазақстандық оқушылар 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Осылайша, оқушыларымыз былтырғы көрсеткішті жаңартты. Олар өткен жылы 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған еді. Бір айта кетерлігі ел намысын қорғауға барған 4 оқушы да жарыстан жүлделі қайтты.  Ұлттық құрама қоржынына Ерасыл Темірбеков, Дінмұхамед Омар және Әлихан Жұмағалеев күміс медаль әкелсе, қоланы Бақдәулет Ерназаров жеңіп алды.

Ал, ең қиын деп саналған химия олимпиадасы (IChO-2022) Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтті. Жарыстың қаншалықты тартысты өткенін елестете беріңіз. Бұл додаға әлемнің 83 елінен 322 оқушы қатысты.

Қазақстан атынан барған 4 оқушымыз да жүлде арқалап келді. Еліміздің атынан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Ақтау қалаларынан оқушылар шетелдік білгірлермен тайталасты. Ұлттық құрамаға 2017 жылдан бергі алғашқы алтын биыл келді. Аталған жүлде Мадияр Қасымалыға тиесілі. Одан өзге Санжар Бисенәлі, Санжар Нұрғалиев және Альмира Нұрланова күміс жүлдені еншіледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Былтыр қоржынымызға үш күміс, бір қола медаль түскен-ді.

Оқушылардың нәтижесі жылдан-жылға жақсарып отыр. Оған мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да сеп болса керек. Биыл олимпиада жеңімпаздарына алғаш рет қолдау шаралары көрсетіледі. Президент тапсырмасы бойынша қомақты ақшалай сыйақы және отандық ЖОО-ларға ҰБТ тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік алады. Тіпті, оларды баптап, баулыған ұстаздары да назардан тыс қалмайды. Олар да белгілі мөлшерде төлемақы алады. Алтын медаль еншілеген оқушыларға 4,5 млн теңге, күміс медальға 3 млн-нан аса теңге, ал, қола жүлде алғандарға 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілмек.

Бұл тәжірибе биылдың өзінде оң нәтиже көрсетті. Егер, жалғасын тапса, қазақ балалары халықаралық олимпиадалардың алдын бермейтіні анық.

Тегтер: