Мешітте балаларды ұрған ұстазға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Түркістан-1» мешітінің ұстазы Дүйсенхан Нұрберді жасөспірімдерге күш көрсеткені түсірілген видео тарағаннан кейін қызметінен босатылды. Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бейнежазбадан скрин. Видео кадры: t.me/kozachkow

Астана, NEGE. Әлеуметтік желіде мешіт ұстазының сабақ кезінде бірнеше жасөспірімді ұрғаны көрсетілген бейнежазба тарады. Полицияның мәліметінше, оқиға 2 маусымда Қаскелеңдегі мешіт аумағында болған.

«Кәмелетке толмағандарға дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарымен қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Тергеу полицияның бақылауында. Ұстаздың әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.

Ал ҚМДБ-ның Алматы облысындағы өкілдігінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, видео маусым айының басында «Түркістан-1» мешітінде өткен діни сауат ашу курсы кезінде түсірілген. 

«Оқиға туралы ақпарат белгілі болғаннан кейін арнайы жиын өткізіліп, онда жағдайдың мән-жайы жан-жақты қаралды. Дүйсенхан Нұрберді өз қателігін мойындап, өкінішін білдіріп, ата-аналардан кешірім сұрады. Ата-аналардан бұл жағдайға қатысты ешқандай талап-арызы мен шағымы жоқ екені туралы жазбаша өтініштер мен бейнежазбалар алынды», – делінген ҚМДБ өкілдігінің мәлімдемесінде.

ҚМДБ-ның №2290 бұйрығына сәйкес Дүйсенхан Нұрберді мешіт ұстазы қызметінен босатылған.

Қылмыстық іс аясындағы тергеу жалғасып жатыр.