Меркіде дәрігердің шағымынан кейін аудан әкімі жазаланды
Меркі ауданындағы орталық аурухана дәрігерінің шағымы бойынша аталған аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке сөгіс берілді, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайты.
Алматы, NEGE. Меркі аудандық орталық ауруханасындағы резонансты оқиға бойынша аудан әкімі Мейірхан Өмірбековке сөгіс жарияланды, ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың жауапкершілігі карантин режимі аяқталғаннан кейін қаралатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында қаралды. Айта кетейік, басқосу барысында тиісті тұлғалар облыста науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерін қорғаныш костюмдерімен және басқа да жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасын табатындығын айтып сендірді.
Облыс әкімі жиында жергілікті атқарушы органдар мен медициналық мекемелердің басшыларын азаматтардың өтініштеріне, тілектеріне және сыни өтініштеріне мұқият назар аударуға, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселерге жедел ден қоюға шақырды. Басқосуда полицейлердің азаматтардың карантиндік талаптарды сақтауын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы туралы полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов баяндады. Ол облыс бойынша 214 карантиндік режимді бұзу фактісі анықталғанын, блокпостта жұмыс істейтін полиция қызметкерлері арасында инфекцияның бар-жоғын анықтау бойынша тест жүргізу қажеттігін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырып алған аталған аудандық аурухананың инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева әлеуметтік желіде өзі қызмет ететін ауруханаға қатысты мәселелерді жеткізген болатын. Содан кейін Жамбыл облысының Меркі ауданында коронавирус жұқтырған дәрігердің шағымы бойынша тексеру басталды. Сонымен қатар, Nur Otan партиясының тексеруінен соң Жамбыл облысында әкімнің орынбасары мен бас дәрігер жазаланған еді. Облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияның тексерісінен соң Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері мен оның орынбасары жұмыстан босатылған.