Меркель әлемді бірігуге шақырды
Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана әлем елдері коронавирус індетіне және болашақтағы жаһандық сынақтарға төтеп бере алады, деп санайды Германия канцлері Ангела Меркель.
Алматы, NEGE. «Тек халықаралық ынтымақтастық пен ауызбірлік қана коронавирустық пандемиядан туындаған дағдарысты жеңуге көмектеседі. Біз осы ғаламдық қатерге ғаламдық жауап тапқан жағдайда ғана, қазір де, болашақта да пандемиядан арыла аламыз», - дейді Меркель. Бұл туралы оның 11шілде күнгі бейнеүндеуіне сілтеме жасап, dw.com хабарлады.
Германия пандемиямен күреске бағытталған халықаралық ынтымақтастық бағдарламаларына белсенді қатысады. Бірінші кезекте бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) және Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдардың бағдарламалары. Сонымен қатар, Германия бүкіл әлем бойынша вакциналардың, дәрі-дәрмектердің және диагностиканың әділетті таратылуын насихаттаумен қатар, денсаулық сақтау және ғылыми зерттеу жұмыстарында да белсенді, дейді Германия канцлері.
Ангела Меркельдің айтуынша, көптеген елдер «бұл сынақтарды бірге шешуге дайын» екенін көрсетуде. Бұл оған үміт береді. Бұған дейін, 8 шілдеде Еуропа парламентінде сөйлеген сөзінде Меркель Еуропа елдерін ынтымақтас сезімді нығайтуға шақырған болатын.