«Мен еліміздің өсіп-өркендеуі үшін дауыс бердім»: Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев референдумға қатысты

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұбайымен бірге Талдықорған қаласының Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайындағы №389 референдум учаскесінде дауыс берді.

Жетісу облысы әкімдігі

Өңір басшысы бұл референдумның Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Елдің азаматы ретінде өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, жаңа Конституциямыз бойынша өтіп жатқан референдумға қатысып, дауысымды бердім. Мен еліміздің өсіп-өркендеуі үшін, Қазақстанның болашағы үшін дауыс бердім», – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Айта кетейік, өңірдегі сайлау құқығына ие адамдардың саны 437 мыңнан асады, оның 2600-ге жуығы – алғаш рет дауыс берушілер. Облыста 468 сайлау учаскесі бар, олар таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмыс істеуде. Олардың 40-ы – әскери бөлімдер, шекара заставасы, медициналық мекемелер мен пенитенциарлық жүйелер мекемелері сияқты дауыс берушілердің белгілі бір бөлігіне арналған нысандар. Сайлау учаскелерінің барлығы қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған: дауыс беру кабиналары, стационарлы және жылжымалы жәшіктер дайындалды, сондай-ақ қоғамдық бақылау жүргізуге жағдай жасалған.

Жетісу облысы әкімдігі

Ерекше қажеттілігі бар жандардың кедергісіз дауыс беруіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, 467 учаске бірінші қабатта орналасқан, тактильді көрсеткіштер, пандустар, мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға арналған арнайы кабиналар, сондай-ақ көру қабілеті төмен адамдарға арналған үлкейткіштер мен трафареттер орнатылған. Облыс орталығында 33 «Инватакси» көлігі қызмет көрсетуде, сондай-ақ 30 сурдоаудармашы тартылған.

Референдумның ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында 479 референдум комиссиясы жұмыс істейді. Олардың 11-і аумақтық, 468-і учаскелік комиссиялар. Жалпы, дауыс беру процесін қадағалап, ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыруға 2 989 комиссия мүшесі қатысуда. Референдумды бақылау үшін облыста 6 қоғамдық бірлестік аккредитацияланған.

Жалпы, бүгінгі күні сайлау учаскелерінің барлығы стендтермен, ақпараттық және методикалық материалдармен, жаңа Конституция жобасының екі тілдегі нұсқасы басылған плакаттармен жабдықталған. Сайлаушыларды тіркеуді растайтын 186 онлайн-сервис және Талдықорған қаласында уақытша тіркеу бойынша қаланың 5 мектебінде 5 сервис ашық тұр.

Дауыс беруге бірінші келген сайлаушыға, сол сияқты алғаш рет дауыс беруші және жасы ең үлкен сайлаушыға арнайы естелік сыйлықтар қарастырылған. Сонымен қатар бүгін облыстың аудан орталықтары мен қалаларында қоғамдық көлікпен жүру тегін.

Барлық сайлау учаскелері сағат кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Қазір оқып жатыр

Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары біраз уақытқа созылды – Тоқаев

Маңғыстаудағы Роналдудың әкесі дауыс берді

Алматы облысында 104 жастағы кейуана референдумда дауыс берді

Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді