«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң ауылды жерлердегі кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған
Қазір ҚР Үкіметі ауылды жерлерде өз ісін енді бастаған кәсіпкерлер мен осы салада бұрыннан жұмыс істеп жүрген бизнесмендерге де қолдау шараларының кең спектрін ұсынып келеді.
Алматы, NEGE. Бұл отандық бизнесті дамытудың жалпы тұжырымдамасының бір бөлігіне айналды. Осы тұрғыдан алғанда, биылдан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның маңызы жоғары.
Ауылдағы кәсіпкерлерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін барынша кең мүмкіндіктер беріліп, бұл жергілікті экономиканың өсімі мен жұмыс орындарын ашуға оң әсер етеді.
Бұл мақсатта жаңа заңда бюрократиялық кедергілер айтарлықтай азайған: өтініш беру жеңілдетіліп, жергілікті бизнес үшін тиімді шарттар қарастырылған.
Мәселен, аталған реформаға сәйкес тауарларды бір көзден 100 АЕК-ке дейін, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 500 АЕК-ке дейін сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр.
Сонымен қатар ауыл әкімдіктері бір көзден алу тәсілі бойынша 4000 АЕК дейін тауарларды, жұмыстарды әрі қызметтерді пайдалана алады.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қаржы министрлігі тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жекелеген тізбесін бекітті.
Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі реформалар фермерлер мен шағын өндірушілердің өнімдерінің тұрақты саудасын қамтамасыз етіп, жергілікті экономиканың дамуына жол ашады.
Бұған қоса ауылды жерлердегі шағын бизнесті қолдау жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, бұл шағын елді мекендердегі халықтың қалаға жаппай көшуін тежейді.