Мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінен бюджетке 30 млрд теңге түспей қалған

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, соңғы екі жылда қаралған қылмыстық істер бойынша мемлекетке жалпы сомасы 66,5 млрд теңге залал келтірілген. Алайда 30,1 млрд теңге сол күйі өндірілмей қалған.

gov.kz

Астана, NEGE. Қадағалаушы орган өкілдері мұның негізгі себептерінің бірі ретінде уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекетке келтірілген залалды өндіруде әрекетсіздік танытқанын атап өтті.

Нәтижесінде прокурорлар жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеге 6 ұсыну, 3 наразылық және 27 талап қою енгізген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет кірісіне 651 млн теңге нақты өндірілген.

Прокурорлар қазіргі уақытта залалдың қалған сомасын өндіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Соның бір мысалы – Қызылорда облысында болған іс. Екі азамат ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы 63 автокөліктің техникалық құжаттарына өзгерістер енгізген. Соның салдарынан 16 автокөлік бойынша 115,3 млн теңге кедендік төлем, ал 63 автокөлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 460,6 млн теңге алым бюджетке түспеген. Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін уәкілетті орган сотқа жүгініп, мемлекет пайдасына 575,9 млн теңгені өндірген.

Бас прокуратура бюджетке қайтарылған әрбір теңге – мемлекет пен қоғам игілігіне қызмет етуге тиісті қаражат екенін еске салады.