Ақтөбедегі «Жайсан» өткізу бекетінде 160 көліктің жиналып қалу себебі айтылды

Мемлекеттік кірістер комитеті Ақтөбе облысындағы «Жайсан» автокөлік өткізу пунктінде Ресей Федерациясы бағытында келе жатқан 160-қа жуық жүк көлігі кептелісте тұрғанын хабарлады.

gov.kz

Астана, NEGE. Көліктердің өткізу бекетінде жиналып қалуына Ресейдің «Сагарчин» өткізу пунктінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары себеп болған.

«4 қыркүйектен бастап ресей тарап жол төсемін ауыстыруда, осыған байланысты көлік құралдарының қозғалысы бір жолақ бойынша кері режимде ұйымдастырылды. Бұл өткізу қабілетін шектеп, шекарадан өту жылдамдығына әсер етеді», – делінген ведомство мәлімдемесінде.

Бұл ретте Комитет өкілдері Ресей тарапының қабылдау мүмкіндіктерін ескере отырып, автокөліктер қозғалысын жеделдету үшін «Жайсан» өткізу пунктінің жұмысы күшейтілгенін атап өтті.

«Осы мақсатта өткізу пунктіндегі жұмыс күшейтілді, көлік ағындарын реттеу және оларды жақын маңдағы өткізу пункттеріне ішінара қайта бөлу ұйымдастырылды, ағымдағы өткізу қабілетін ескере отырып, электрондық кезектегі слоттардың саны түзетілді. Жүргізушілермен тікелей өткізу пунктінің алдында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады МКК.

Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушылардан қозғалыс бағытын жоспарлау кезінде осы жағдайды ескеруді сұрайды.