Мемлекеттік қызметкерлер де Перизат Қайратқа сеніп, ақша аударған
Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Перизат Қайрат ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Сот отырысында Маңғыстау облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы Манарбек Бұқарбаевтың айғақтары оқылды. 2024 жылғы сәуірде аталған ведомствоның қызметкерлері 231 500 теңге жинап, «BizBirgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігіне су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай көмек ретінде аударған.
«Жиналған қаражатты аудару үшін мен Ақтау қаласындағы Forte Bank бөлімшесіне бардым. Ақшаны Маңғыстау облысы бойынша Қазынашылық департаментінің атынан аударғым келгенде, банк қызметкерлері бұлай жасауға болмайтынын айтып, менің атыма жеке шот ашуды ұсынды. Мен жеке атымнан шот ашып, сол арқылы қоғамдық бірлестіктің есепшотына қаражатты аудардым. Кейін бұл бірлестік басшысына алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын естіген соң, тиісті заң аясында шара қабылдауды және аударылған ақшаны қайтаруды сұраймын», – делінген Бұқарбаевтың жауабында.
Басқа жәбірленушілер секілді, қазынашылық басшысы да жиналған қаражаттың нақты зардап шеккендерге жеткенін тексермеген.
Сот жабық режимге көшті. Айта кетейік, Перизат Қайрат ісі жартылай жабық тәртіпте қаралуда. Банк құпиясы мен құпиялықты талап ететін ақпараттарға қатысты бөліктер жабық есік жағдайында өтуде.