Мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды: 75 мыңнан астам талапкер тегін білім алады
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері тізімін жариялады.
Астана, NEGE. Министрліктің хабарлауынша, биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына шамамен 127 мың өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық.
Конкурс нәтижелерімен мына ресми ақпараттық ресурстардан танысуға болады:
- Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты;
- Ғылым және жоғары білім министрінің Telegram-дағы ресми арнасы;
- Ғылым және жоғары білім министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасы.
«Гранттарды бөлу барысында заңнамада көзделген мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктері сақталды. Атап айтқанда, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған квоталар, халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына конкурстан тыс берілетін гранттар, сондай-ақ мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған 1816 грант қарастырылды», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономиканың білікті кадрларға деген ұзақ мерзімді сұранысын ескере отырып қалыптастырылған. Ведомство мәліметінше, білім беру гранттарының 60%-ы стратегиялық маңызға ие инженерлік және техникалық кадрлар даярлау бағыттарына бөлінген.
Сондай-ақ «Серпін» жобасы аясында екі мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алады.
Мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәліктері үш жұмыс күні ішінде Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қолжетімді болады. Ал жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады.