Мемлекеттен 350 млн теңге алып, өндіріс ашпаған: Астанада алаяқтық әшкереленді

Астанада өсімдік майын өндіретін зауыт ашуға мемлекеттен 350 млн теңгеге дейін грант алған кәсіпкер қаражаттың басым бөлігін мақсатсыз пайдаланған, деп санайды ҚМА. Іс бойынша екі күдікті қамауға алынды.

ortcom.kz

Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» АҚ-нан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыру үшін 350 млн теңгеге дейін грант алған.

Кәсіпкер өз жобасында дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желі сатып алуы тиіс еді. Дегенмен ол оның орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана алған.

«Дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған. Нәтижесінде мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген», – деп хабарлады ҚМА.

Сондай-ақ, тергеу дерегінше, ақшаның бір бөлігі пайдаланылған өсімдік майын жеткізуге төлем жасау деген желеумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған.

Кейін кәсіпкер қаражаттың бір бөлігін өз шоттарына аударып, жобаға өзі салған ақша ретінде қайта рәсімдейді. Ақшаның тағы бір бөлігін автокөліктерді лизингке алу үшін бастапқы жарна төлеуге жұмсаған.

Жобаны бақылаған қызметкер де күдікке ілінді

Жобаның іске асырылуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері де заңсыз сыйақы алды деген күдікке ілінде. ҚМА мәліметінше, ол 1,7 млн теңге алып, анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпеді. Керісінше, жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыныс білдірген.

Қазір екі күдіктіге қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.

Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмеді.