«Мемлекет комиссия құрып, Назарбаевтың отыз жыл бойы не істегенін мұқият тексеру керек»
Жаңа Конституция бойынша Елбасы мәртебесі жойылды. Теориялық тұрғыдан, енді Назарбаевтың өзге жақын туыстарын қылмыстық жауапкершілікке тартуға әбден болады.
- Тақырыпқа орай: Экс-президенттер қандай жағдайда жауапқа тартылады?
Бірақ Н.Назарбаевты «ҚР Президенті туралы» заңның «бұрынғы президенттер туралы» бабы қорғайды. Онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне де кепілдік бар. Бұл жайт көпшіліктің көңілінен шығып отырған жоқ. Кейбір сарапшылар бұл нормаға қатысты қарсы пікірін айта келе, бұрынғы президенттің іс-әрекетін тексеретін арнайы комиссия құруды ұсынып отыр.
Сайын Борбасов, саясаттанушы:
Шын мәніндегі транзиттік кезеңнен өткен жоқпыз
– Конституциялық өзгерістерге дауыс бердік. Мұның бәрі жартыкеш өзгерістер болды. Әрине, 1995 жылғы Конституцияға түбегейлі өзгерістер енгізілуі керек.
Экс-президентке іс қозғалмайды деген баптарды, «Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан», мемлекеттік тілге қатысты 7-баптың 2-тармағын, яғни «мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда орыс тілі мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөйлемді алып тастау қажет еді. Алып тастайтын баптар әлі де өте көп.
Меніңше, болашақта қайта қарап, 1993 жылғы Конституцияның негізінде бүгінгі күннің талаптары мен шындығына сәйкес келетін, коррупцияға, тамыр-таныстыққа жол бермейтін, әлемнің ең озық үлгілері сарапталған жаңа Конституция қабылдау ләзім.
Шын мәніндегі транзиттік кезеңнен өткен жоқпыз. Нарықтық экономика жасалынған жоқ. Экономикада, саяси құрылыста транзит болмады. Өтпелі кезеңді барынша созып алдық. Әлі де жалғасып жатыр. Саяси жүйе өзгермей, экономикада бетбұрыс болмайды.
Этатистік, орталықтандырылған саяси жүйеден бас тарту керек. Рас, позитивті децентрализация процестері бар. Бірақ оның бәрі жеткіліксіз. Қоғам баянды дамуы үшін үлкен реформа қажет.
- Оқи отырыңыз: «Қашқан қаржыны» қайтаруға қашқындар көмектесе ме?
Тоқаев Назарбаевтың кланынан әлі құтылмады. Ешқайсысы жазаға тартылған жоқ. Байлығы мен шетелдегі мүліктері жайлы сөз болмады. Шын мәнінде, олар – еңбексіз табыс тапқан адамдар. Мұны бүкіл Қазақстан халқы біліп отыр.
Егер жартыкеш реформалар жалғаса берсе, тағы да әлеуметтік жарылыстарды күтуге тура келеді.
Постназарбаевтық кезең әлі басталған жоқ. Назарбаевтың мұрасы сақталып отыр. Одан толық құтылмайынша, Қазақстанның бағы ашылмайды. Көшелерден есімі алынып тасталуы тиіс. Өйткені, бұл кісі халықтың сенімін ақтаған жоқ. «Қазақстан халқына адал қызмет етемін» деген антын орындаған жоқ. Өзінің туысқандарына, олигархтарға қызмет жасады.
Ерлан Сайыров, Мәжіліс депутаты:
Барлық адам заң алдында тең
– Бұрынғы президенттерге жеңілдік беру – халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Бірақ ол болмашы ғана жеңілдік.
Кінәсіздік презумпциясы деген ұғым бар. Қылмыскер деп тек сот үкім шығарады. Күні кеше өткен рефорумның басты мақсаты – азаматтардың құқығын теңестіру. Барлық адам заң алдында тең.
Дос Көшім, саясаткер:
Қазақстанды тонаған тек назарбаевтардың тобы емес
– Көп елдерде экс-президенттерге мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдай жасалады. Саяжай, көлік немесе хатшы берілуі мүмкін. Бірақ ешқандай қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды, заң арқылы қателіктеріне жауап беруге бөгет қоймайды. Ақтап алмайды. Өйткені, ол да – сол елдің қарапайым азаматы. Ешбір жеке адамға заңнан тыс жеңілдіктер бермейді.
Оңтүстік Кореядан бірде-бір президент сотталмай қалған жоқ. Керек десең, кейбіреулері өлім жазасына кесілді. Келесі келген президент барлық істерді егжей-тегжейлі тексереді. Тексергеннен кейін қылмысы болса, дәлел келтіріп, әшкерелейді.
Менің пікірімше, мемлекет комиссия құрып, Назарбаевтың отыз жыл бойы не істегенін мұқият тексеру керек. Сосын дәйектерін халықтың алдына алып шығуы керек. «Кешіріңіздер, айтылып жатқан нәрселердің бәрі бос сөз екен, еш айыбы жоқ екен» немесе «Жоқ, мынадай жасаған нәрселері бар екен, сондықтан жауапқа тартылады» дегендей.
Соңғы екі-үш жыл бойы экс-президенттің мәселесінің қаралмаған жері жоқ. Дастархан басынан бастап парламентке дейін көтерілді. Менің таңғалатын жайт – бізде осыны жасамай жатыр. Оның туыстары, балалары жұмысын тастап, шетелге қашып жатса, неге тексерілмейді?
Меніңше, Тоқаев бұған бармайды. Себебі, Қазақстанды бүлдірген, тонаған тек қана – назарбаевтардың тобы емес. Экс-президентке ешқандай туыстық қатынасы жоқ адамдар да аз емес. Ол адамдар қазір билікте отыр. Билік – тек Назарбаев немесе Тоқаев емес, үлкен жүйе, команда. Олардың бәрі орынтақтарында отыр. Шиі шыққан жоқ. Назарбаевтың отбасын ұстап беріп, өздері құтылғысы келеді.
Халықтың бір нәрсеге көзін жеткізу үшін құрбандық керек. Ол құрбандық – қазір Назарбаевтың туыстары, қыздары, күйеу балалары. Қоғам одан әрі тықсыра берсе, олар Назарбаевтың өзін де құрбандыққа шала салады. Мақсаты – жүйені өзгертпеу. Референдум соның көрінісі.