Мемлекет аралық шиеліністер – тәуелсіздігімізге де, елдігімізге де сынақ
Қазір әлемдегі текетірес, елдер арасындағы шиелініс басылар емес. Олардың өзара қырылысы көрші елдерге, қарапайым халыққа әсер етіп отырғаны да рас. Соның бірі – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс.
Ресей үкіметі жастарын әскерге жинай бастағалы, олар өзге елді паналап, бас сауғалап жатыр. Оның басым көпшілігі бізге, яғни Қазақстанға келуде. Мұндайда бір жақты кесіп-пішіп, бірдеңе айту да қиын. Біріншіден, бұл – өте күрделі саяси жағдай. Себебі біз Ресеймен мәңгілік көршіміз. «Көршіңмен тату болсаң, үйіңе жау тимейді» дегендей, көршімен дұрыс қарым-қатынас жасамасақ, тәуелсіздігімізге де, елдігімізге де сынақ болады. Сол себепті толеранттық танытып, адамгершілік тұрғысынан көмектесуіміз керек.
Екіншіден, олардың бізге көптеп келуі елді алаңдатады. Оның ішінде жаманы да, жақсысы да бар ғой. Сондықтан біздің қарулы күш құрылымдары оларды бақылауда ұстап, заңды бұзбағанын қадағалау керек. Қандайда бір олқылықтар жіберсе, заң алдында жауап беруі тиіс.
Бірақ олардың ұзамай, өз еліне оралады деп сенемін. Бұл мәселеге қатты шүйлігудің қажеті жоқ секілді.
Оның үстіне, қазір Мемлекет басшысы жағдайды өз қолына нық алды. Соның бастамасы – Әділетті Қазақстан ұстанымы. Бұл дегеніміз – халықтың мемлекетті басқару ісіне араласуына мүмкіндік береді. Мысалы, кешегі елордамызда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитің өтуі, оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етуі – әлем халықтарының арасында беделіміздің барын көрсетеді. Саммитте Президент: «Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды» деді.
Осы күнде тұрақтылыққа қол жеткізу мәселесін текке көтеріліп жүрген жоқ. Әлемде шиенелістер күшейген сайын экономикаға да салдары тиетіні анық. Ал елдің экономикасы әлсіресе, халықтың тұрмысы да нашарлайды. Сондықтан елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтай алсақ, әлеуметтік қиындықты шешу оңай. Сол себепті өзіміздің болашақ ұрпақтың тағдыры жауапты екенімізді ұмытпайық. Бұл – біздің тарихи миссиямыз. Осыны жадымызда сақтап, мемлекетімізді жетілдіруді, жаңғыртуды және нығайтуды көздесек, ел аралық достықты, татулықты сақтауымыз керек.
Қайрат Сақ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор.