Мемлекет экс-әкіммен байланысты қоқыс полигонын қайтарып алды

Алатау қаласындағы 34 гектар қоқыс полигоны коммуналдық меншікке қайтарылды. Бұған дейін оны басқарған компания өзіне жүктелген міндеттерді орындамаған.

gov.kz

Астана, NEGE. Алатау қаласының прокуратурасы «ADC TAZA ALEM» ЖШС-мен жасалған сенімгерлік басқару шартын жарамсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінген.

Прокуратура мәліметінше, компания іс жүзінде Іле ауданының бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа тиесілі болған. Қарасаев 2025 жылғы 27 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін сотталған.

Келісім бойынша компания полигонға инвестиция тартып, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға тиіс болған. Сондай-ақ табысының бір бөлігін жергілікті бюджетке аударып, полигонды кейін жабуға арналған арнайы қор құруға міндеттенген.

Алайда прокуратураның хабарлауынша, бұл міндеттердің ешқайсысы орындалмаған. Компанияның жұмысы қоқыс жинап, полигонға төгумен ғана шектелген.

Полигонның дұрыс басқарылмауы экологиялық мәселелерге де әкелген. 2021–2025 жылдары мұнда алты рет өрт шыққан. Ең ірі өрт 2025 жылғы қыркүйекте болып, 30 гектар аумақты шарпыған.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты прокуратураның талабын толық қанағаттандырды. Соның нәтижесінде полигон коммуналдық меншікке қайтарылды.