Мемлекет басшысы Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау міндетін жүктеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр. 

Су ресурстары және ирригация министрлігі

Астана, NEGE. Мемлекет басшысы Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылғанын атап өтті. 

«Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Біз соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізін қалыптастырдық. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданды, арнайы министрлік құрылды. Бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оған үстіртін қарамау керек. Осы жұмыспен жүйелі түрде және жан-жақты айналысу қажет. Осыған орай кәсіби кадрларды дайындау керек, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу қажет. Қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының қолжетімді көлемі туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір каналдағы судың 50-60 пайызы далаға кетуде. Суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан бұл сала ұлттық цифрлық жаңғыру жұмысындағы басты бағыттың бірі болуға тиіс. Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керек. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат болады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін табады. Осы жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес», - деді президент. 

Қазір оқып жатыр

«Әлеуметтік желі арқылы нұсқау берілген»: Алматыда оқушы қыз мектепке балта алып барған

АТ1 мен Вена биржасы. ForteBank НЕГЕ капиталын жедел көбейтуде?

Қазақстанда бірыңғай QR-код қашан іске қосылады?

«Екінші үйім»: ДДСҰ басшысы Қазақстанға қонаққа келіп, қазақша ән шырқады