14 октября 2025 г. 18:38

Мемлекет басшысы «Лукойл» компаниясының мерейтойлық іс-шарасына қатысты

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы қызметіне 30 жыл толуымен құттықтады.

Астана, NEGE. – «Лукойл» – елімізде табысты жұмыс істеп жатқан беделді компанияның бірі. 1995 жылы Қазақстанға алғаш қадам басқан компанияның еліміздегі абырой-беделі зор деп айтуға толық негіз бар. Бұл – табанды еңбек пен терең жауапкершіліктің арқасы екені сөзсіз. Бұдан бөлек, «Лукойл» компаниясы Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестікті нығайта түсуге мол үлес қосып жатыр. Кәсіпорын елдеріміздің экономикалық әлеуетін нығайтып, ырысты ынтымағымызды арттыруда. Тарихқа үңілсек, «Лукойл» компаниясының қазақ жеріндегі қызметі «Құмкөл» жобасынан бастау алды. Кәсіпорын жемісті жұмыс істеп, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде орасан зор табысқа қол жеткізді. Атап айтқанда, «Лукойл» Қазақстанның мұнай-газ саласына 12 миллиард доллардан астам қаржы салды, 94 миллион тонна мұнай және 60 миллиард текше метр газ өндірді. Компания 300 миллион долларға жуық қаржыны әлеуметтік жобалар мен қайырымдылыққа жұмсаған, – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл көрсеткіштердің аясында мыңдаған жұмыс орны құрылып, озық технологиялар келгенін, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосылғанын атап өтті. Компанияның қатысуымен Теңіз кен орнындағы Кеңейтудің болашағы жобасы табысты аяқталды. Бұл әлемдік мұнай-газ саласындағы ірі бастамалардың бірі саналады.

– Каспий қайраңында «Лукойл» «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесе «Қаламқас теңіз» және «Хазар» секілді перспективті жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл – стратегиялық жобалар. Кен орындарын игеру үшін алты миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құю және екі мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобадағы қазақстандық үлесті арттыру мақсатында теңіз мұнайын өндіру платформасына Маңғыстау облысының кеме жасау және жөндеу өндірісі тартылған. Кәсіпорын Қарашығанақ кен орнында жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Сонымен қатар қазіргі таңда «Лукойл» Каспий құбыр консорциумын дамытуға атсалысуда. Мұның да еліміз үшін маңызы ерекше. Осы стратегиялық мәні зор бағдар арқылы Қазақстан мұнайы ондаған мемлекетке жеткізіліп жатыр. Сол арқылы еліміздің жаһандық энергетика нарығындағы рөлі нығайып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.