1 августа 2025 г. 12:46

Мемлекет басшысы көлік саласының қызметкерлерімен кездесті

Фото: Ақорда

Президент, ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады.

Алматы, NEGE. – Мемлекет үшін көлік саласының стратегиялық маңызы айрықша. Бұл – айқын нәрсе. Көлік жүйесі – әрбір елдің дамуының көрінісі. Онсыз экономиканың алға басуы мүмкін емес. Сондықтан бұл салаға біз аса маңызды басымдық ретінде қараймыз. Көлік құралдары – экономиканың қозғаушы күші, өсіп-өркендеу кепілі десек, артық болмайды. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті, бірегей деуге болады. Қазақстан – Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика орталығын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалын арттыруға септігін тигізуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліздердің инфрақұрылымын біртіндеп жақсарту қолға алынғанын айтты.

– Логистика орталықтары және қоймалар салынуда. Темір жол құрылысы жанданып жатыр. Осындай маңызды шаралар сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, экономиканы өркендетуге ықпал етеді. Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Соның арқасында жүк көлемі бес есе артады. Осы ауқымды жобаны, негізінен, өз жұмысшыларымыз жүзеге асырып жатқанын да атап өту қажет. Сондай-ақ жыл соңында Алматы бекетін айналып өтетін темір жол іске қосылады. Нәтижесінде жүктеме азайып, жүк жеткізу мерзімі қысқармақ. Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті болуы керек. Сол себепті, алдағы уақытта еліміздегі темір жолдың ұзындығын едәуір арттыру көзделіп отыр. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаңғырту жоспарлануда. Қазір Транс-Қазақстан теміржол дәлізі ауқымды жобасы қолға алынды. Менің тапсырмаммен ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Аягөз – Бақты» теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүруде, – деді Мемлекет басшысы.