16 декабря 2025 г. 9:05

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Фото: Ақорда

16 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Астана, NEGE. Президент бұл мерекенің еліміз үшін мән-маңызы айрықша екенін, осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында ерікті әрі түпкілікті таңдау жасағанын атап өтті.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз.

Азаматтарымыздың ырысты ынтымағының, өзара қолдауының және жасампаз еңбегінің, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазір бүкіл әлем жылдам өзгеріп жатыр. Түрлі сынақтармен қатар, тың мүмкіндіктерге толы жаңа тарихи дәуір басталды», – делінген Президент сөзінде.

Оның сөзінше, мұндай жағдайда біз жас және озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен және нық сеніммен қарап, берекелі бірлігімізді сақтауымыз керек. Еліміздің жаһандық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілетін арттырып, Қазақстанды көркейген мемлекет ретінде дамыту үшін аянбай еңбек етуіміз қажет.

«Қазір жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде зор табысқа жетеміз деп сенемін. Жан-жақты жаңғыруға бағытталған стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында мемлекет басшысы баршаға мол бақыт, бақ-береке және толағай табыс тіледі.