30 октября 2024 г. 17:12
Мемлекет басшысы Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерді қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев Мариус Визерге дзюдоны дамытуға және насихаттауға үлес қосқаны үшін ризашылық білдірді.
Астана, NEGE. Президенттің айтуынша, Қазақстанда спорттың осы түріне қызығушылық зор. Әсіресе, балалар мен жастар арасында танымалдылыққа ие.
– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Халықаралық дзюдо федерациясы арасындағы өзара ықпалдастыққа тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды деп санаймын. Бүгінде дзюдоның әлемдік спорт қоғамдастығында алатын орны зор. Дзюдо Қазақстанда да өте танымал спорт түрі. Елімізде көптеген секция мен жаттығу орталықтары жұмыс істейді. Онда 160 мыңнан аса адам, солардың ішінде балалар да жаттығады. Жақында өткен Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтің жеңімпаз атанғанын мақтан тұтамыз. Сондықтан біз Халықаралық дзюдо федерациясымен қарым-қатынасты өркендетіп, ынтымақтастықты жандандыруға ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.