Мемлекет басшысы Digital Bridge 2025 халықаралық форумында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Digital Bridge 2025 халықаралық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. «Digital Bridge 2025 халықаралық форумына қош келдіңіздер! Ең алдымен, осы маңызды жиынға қатысу үшін арнайы келген меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі алқалы жиынға Мажарстанның Президенті Жоғары Мәртебелі Тамаш Шуйоктің қатысып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Құрметті Президент мырза, елімізге ресми сапармен келіп, форумға қатысып отырғаныңызды жоғары бағалаймын. Сіздің идеяларыңыз және бастамаларыңыз цифрлық технология саласындағы халықаралық серіктестікті нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенемін.
Бүгінде «Digital Bridge» өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды, бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Осы уақыт ішінде форум жұмысына 67 мыңнан астам адам, 500-ден аса ІТ-компания және 100 елдің өкілі қатысты. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра береді», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалануды, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыруды басты міндет ретінде атады
«Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Бұған бәріміз куә болып отырмыз.
Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің дамуына соңғы жылдары дүние жүзі бойынша бір триллион доллардан артық инвестиция салынған. Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта жеті триллион долларға дейін жетуі мүмкін. Әйтсе де мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады.
Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе, ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр.
Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру», – деді президент.