Мемлекет басшысы: «Бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді»
Президент Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. «Баршаңызға мәлім, елімізде түрлі бағытта ауқымды өзгерістер жасалуда. Бір ел болып саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы өзгерістер жалғасын табуы керек. Бір орында тұрып қалуға болмайды.
Мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту стратегиясын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай жүргізе беру маңызды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз.
Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Дәл қазір бізге керегі – ортақ ұстаным және парасатты, салмақты ұсыныс. Сондықтан барлық ой-пікірді, ұсынысты мұқият зерттейміз, егжей-тегжейлі қараймыз», – деді Тоқаев.