24 апреля 2025 г. 12:01

Мемлекет басшысы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізуді ұсынды

Фото: Ақорда
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевт Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде айтты. 

Астана, NEGE. «Үшіншіден, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс. Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлері – Қазақстан мәдениетінің баға жетпес қазынасын толықтырып тұр. Бұл музейлерді көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда ұйымдастыру маңызды. Кейбір этномәдени бірлестіктер бірегей өнер және этнографиялық жеке коллекцияларды жинады. Бұл да еліміздің мәдени мұрасына айналуға тиіс.

Қазақстанда 9 орыс драма театры табысты жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ ерекше төрт этнос театры, яғни, ұйғыр, корей, өзбек және неміс театрлары көрерменнің көзайымы болып жүр. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Алматыда бәрінің басын қосып, Қазақстан этностары театр өнерінің фестивалін өткізсек болады. Халық көп келеді деп ойлаймын.

Наталья Дубс ханым театр мен мәдениет саласына техникалық мамандарды даярлау мәселесін орынды көтеріп отыр. Бұл бастаманы зерттеп, оны жүзеге асыруға көмектесу қажет», - деді Тоқаев.