11 августа 2025 г. 19:08

Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Премьер-министр Никол Пашинянды Вашингтонда Армения мен Әзербайжан арасында бейбітшілік орнату туралы декларацияға қол қойылуымен құттықтады.

Астана, NEGE. Тарихи маңызы бар бұл құжатқа Никол Пашинянның саясаткер ретіндегі алғырлығының арқасында қол қойылды. Ол мықты саяси ерік-жігерге ие екенін көрсетіп, өз мемлекетінің ұлттық мүддесі жолында стратегиялық көрегенділік танытты.

Декларация Оңтүстік Кавказдағы ауқымды халықаралық ынтымақтастыққа, сондай-ақ Қазақстан мен Армения арасындағы анағұрлым қарқынды экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Премьер-министрінің жыл соңына жоспарланған ресми сапарына Астана әзірлік жұмыстарын бастап кеткенін мәлімдеді. Қазақстан келіссөздерге өз алаңын ұсына отырып, Армения мен Әзербайжан арасындағы саяси диалогқа одан әрі септігін тигізуге ниетті.

Никол Пашинян жылы лебізі мен қолдауы үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстан тарапына екі мемлекет арасында бейбітшілік орнатуға қатысты келіссөз процесінің кейбір аспектілері жөнінде мәлімет беріп, бұл мәселеде АҚШ Президенті Дональд Трамп айрықша мәмілегерлік рөл атқарғанын атап өтті.

Премьер-министр Қазақстанның Армения мен Әзербайжанды татуластыруға қосқан үлесін оң бағалады. Сонымен қатар ол өзара ынтымақтастықты жандандыратын жаңа келісімдерге қол қою үшін Қазақстанға биыл арнайы сапармен келуге дайын екенін растады.