Мемлекет БАҚ пен блогерлердің аккаунттарын бұғаттауға мүдделі емес – Аида Балаева

Сайлауалды науқан кезінде журналистер, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты түрлі сауалдар туындауына байланысты ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсініктеме берді.

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астана, NEGE. Министр Facebook-тегі парақшасында журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Масс-медиа туралы» заңда журналистердің кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізіп, ақпарат тарату құқығы бекітілген.

Балаева әлеуметтік желілердегі бірқатар БАҚ, белсенділер мен блогерлердің парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа да тоқталды.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл Министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді», – деді министр.

Сонымен қатар министр сөз бостандығы ақпарат таратқан адамға жауапкершілік жүктейтінін айтты. Журналистер мен блогерлер ақпараттың анықтығын тексеріп, дереккөздерге мұқият қарауы керек.

«Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, олардың үйлесімі азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын, ал қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін кемел қоғам қалыптастырады», – деді Аида Балаева.

Министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Алайда заңсыз контент пен заңды пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату қажет екенін айтты.

Балаева БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.