Мектепте жарылыс болды
Қазіргі кезде қазандықтың қалай жарылғаны анықталып жатыр. Ол мектепке жапсарлас салынған құрылыстың ішінде болды. Жарылыс кезінде қабырғаның бір бөлігі опырылып түскен.
Нұр-Сұлтан, NEGE. Ақмола облысында Абай атындағы мектепте жарылыс болды. Зардап шеккендер жоқ. Себебі балалар қашықтан білім алып жүр.
Аршалы аудандық ішкі саясат бөлімінің мәліметіне сәйкес, қазандық бүгін күндіз сағат 13:10-де жарылған. Балалар қашықтан оқып жүргеннен кейін мектепте көп адам болмаған. Жарақат алғандар жоқ. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Мереке Молдахметов мектепте 114 бала оқып жүргенін айтты.
«Жарылыстың себебі белгісіз. Қазір сол жаққа бара жатырмыз. Таңға дейін бәрін қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Қазандық мектепке жаспарлас салынған құрылыстың ішінде болған. Жарылыс кезінде қосымша үй-жай мен мектептің арасындағы қабырғаның бір бөлігі опырылып түскен. Бірақ бұл төбені тіреп тұрған қабырға емес. Қазандық «Орталық жылу таратушы компания» ЖШС-іне сенімді басқаруға берілген.