Мектепішілік бракераж комиссиялары тағамдардың сапасын бақылайды
ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелге қатысушылар жергілікті жерлерде Мектепте тамақтанудың жаңа стандартын енгізу тәжірибесі жайлы айты берді.
Алматы, NEGE. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Бақжанар Мұхамадиеваның айтуынша, перспективалық мәзірді дайындау процесіне мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, мектеп асханаларын жалға алушылар, жеткізушілер, педагогикалық қоғамдастық өкілдері, әртүрлі жастағы оқушылар қатысты. Бұдан басқа, Басқарма Тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобымен бірлесіп, мектеп асханаларына бару арқылы мерзімді мониторинг жүргізеді.
«Күн сайын жергілікті жерлерде бақылауды жүзеге асыратын мектеп әкімшілігінің, ата-аналар жұртшылығының және бракераж комиссияларының өзара іс-қимылына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, мониторинг кезінде мектепішілік бракераж комиссияларының жергілікті жерлерде белсенді жұмыс істейтіні және тағамдардың сапасын бақылайтыны анықталды; буфеттер ассортиментінен зиянды өнімдер алынып тасталды: құрамында қант, тұз мөлшері көп өнімдер, шұжық өнімдері және балалардың денсаулығына зиян келтіретін заттар», - деді спикер.
Сондай-ақ, Бақжанар Мұхамадиева бүгінгі күні оқу жылының басынан бері қала бойынша перспективалық мәзір бойынша тамақтануды ұйымдастыру бойынша теріс өтініштер түспегенін атап өтті.