Мектеп сөмкесінің салмағы қанша болуы керек? Министрлік жауап берді

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға мектеп рюкзагын дұрыс таңдау бойынша кеңес берді.

Gov.kz

Астана, NEGE. Мамандар сөмкенің салмағы мен көлеміне, арқа бөлігі мен иықбауларына мән беріп, толық жиналған рюкзак баланың дене салмағының 10%-ынан аспауы керектігін ескертеді.

«Рюкзактың әдемі дизайны мен сыйымдылығы – жалғыз өлшем емес. Оның жеңіл болуы, баланың бойына сәйкес келуі, арқасына ыңғайлы орналасуы және иығына артық салмақ түсірмеуі маңызды. Оқулықтар мен оқу құралдарын қоса есептегендегі рюкзактың жалпы салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспағаны жөн», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-76 бұйрығымен оқушының жасына қарай күнделікті оқу құралдарының ұсынылатын салмағы белгіленген. 1–3 сынып оқушылары үшін ол 2 келіге дейін, 4–5 сыныпта – 2,5 келіге дейін, 6–7 сыныпта – 3,5 келіге дейін, ал 8–11 сынып оқушылары үшін 4,5 келіге дейін болуы керек. Бұл көрсеткіштер рюкзактың өзін емес, оның ішіндегі күнделікті оқу құралдарын қамтиды.

Мысалы, баланың салмағы 30 келі болса, толық жиналған сөмкенің салмағы 3 келіден аспағаны дұрыс. Рюкзактың өзінің салмағын да ескерген жөн. Мамандар бос рюкзактың салмағы 1 келіден аспауын ұсынады.

Рюкзакты баламен бірге таңдаған дұрыс. Сатып аларда оны баланың арқасына асып көріп, бойына сәйкес келетініне және ыңғайлы орналасатынына көз жеткізу қажет. Сөмке тым үлкен болмауы және белден айтарлықтай төмен түсіп тұрмауы керек.

«Иықбаулары кең әрі жұмсақ, ұзындығы реттелетін болғаны жөн. Арқа бөлігі тығыз болуы керек. Сондай-ақ рюкзактың берік әрі су өткізбейтін материалдан жасалғанына және жарық шағылыстыратын элементтерінің болуына назар аудару қажет. Мұндай элементтер қараңғы уақытта жүргізушілерге баланы анық көруге көмектеседі», – делінген хабарламада. 

Министрлік ата-аналарға баланың рюкзагын мезгіл-мезгіл тексеріп отыруға кеңес береді. Сабаққа қатысы жоқ ойыншықтарды, артық дәптерлерді, кітаптарды және басқа заттарды үйде қалдырған абзал. Егер мектепте мүмкіндік болса, оқу құралдарының бір бөлігін сыныпта қалдыруға болады. Сонымен қатар баланы рюкзакты бір иығына емес, екі иығына қатар асып жүруге үйреткен жөн. Бұл салмақты біркелкі бөлуге көмектеседі.