«Мектеп директоры жұмысшыға қару кезеп қолхат жаздырды»: Шымкенттегі Шерзат дауы
Қалалық білім басқармасы бұл мәселеге қатысты жауап беруге асығар емес.
Астана, NEGE. Шымкентте мектеп директоры мен оның бұрынғы оқушысы, қазір өз қол астында жұмыс істейтін қызметкері арасында дау туындады.
Жәбірленуші Шерзат Есметов әлеуметтік желіде өзіне көрсетілген қысым жайлы айтып, бейнежазба жариялады. Оның айтуынша, Әл-Фараби атындағы №113 мектептің директоры оны қорқытып, өзі алмаған ақшаны «алдым» деп нотариус арқылы қолхат жаздырған. Сондай-ақ Шерзаттың сөзінше, мектеп директоры Надырбек Жаматов нотариусқа апарар кезде тапанша кезеп, күш қолданған.
Даудың басы экскаватор моторының бұзылуынан басталыпты. Содан бері Шерзатты «анаңды, қарындасыңды өлтіремін» қорқытатын көрінеді. Басынан кешкенін баяндап, Президенттен араша сұраған азаматтың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
«Шымкентке қарасты Әл-фараби атындағы №113 мектеп директоры Надырбек Жаматовтың экскаваторын бір жыл айдадым. Экскаватор моторы гидроудар алған соң, моторы бұзылып калды. Оның нотариусы жүргізушінің кесірінен болды деп айтқан. Ол (мектеп директоры) үйіне шақырып, нағашым екеуі мені ұрып-соқты. Нотариуске пистолетпен апарып, алмаған ақшаны «алдым» деп жаздырды. Нағашым мен бухгалтер, директор Надырбектің баласы тұрды. Нотариус менен «Өз еркіңмен келдің бе?» деп 4 рет сұрады. Мен жылап отқан едім. Әлгі үшеуі артымда видеоға түсіріп тұрған соң, нотариусқа «Иә» деп айттым. Егер маған, отбасыма бірнәрсе болса, сол Надырбектің жұмысы деп білесіздер. Өміріме қауіп төніп тұр, әлі күнге қорқытады. "Анаңды, қарындасыңды өлтіріп кетем", үй-жайыңды алып қоямын деп қорқытып жүр», – деді Шерзат Есметов.
Көп ұзамай Шерзаттың тағы бір видеосы жарияланды. Өзге бір адам түсірген бейнежазбада, жәбірленуші мектеп директорына арыз-шағымы жоқ екенін мәлімдеген. Оның сөзінше, алғашқы видеоны қатты күйзелісте жүріп айтқан.
«Есімім Есметов Шерзат Шерматұлы. Жаматов Надырбекке арыз-шағымым жоқ. Не үшін салған болғанда, қысылып, стрессте жүргеннен кейін байқамай салып жібердім. Менің тарапымнан арыз-шағым жоқ», – дейді Шерзат.
Бейнежазба барысында түсірілім жүргізіп тұрған адамның Шерзатқа сөзін қалай құрау керегін ым-ишара арқылы бағыттап, сөздерін есіне түсіріп тұрғаны байқалады.
Басы дауға қалған мектеп директоры Надырбек Жаматов та үнсіз қалмай, Шерзатпен бірге түскен видеосын жариялады.
Оның айтуынша, шағымданған Шерзат жағдайды әу баста қате қабылдап, түсініспеушілік туындаған.
«Шерзатқа бұған дейін арыз-шағым болмаған. Бұдан кейін де арыз-шағым болмайды. Өзі – менің оқушым. Сәл әбіржіп, сәл түсінбей қалыпты. Құрметті желі қолданушылары, бұл жігіт, құдай қаласа, бұндай тірліктерге қайта бармайды. Сіздер бізді дұрыс түсінгейсіздер. Енді бұл бала да сәл кемшіліктерге жол беріп қойыпты. Бұны да кешірерсіздер. Өзіміздің інішек, бәрі жақсы болады. Дұрыс па, Шерзат?», – деді мектеп директоры.
Тараптар бұл жерде табысқан кейіп танытуы мүмкін. Себебі, бұдан кейін Шерзат аталған бейнежазбалардың қалай және қандай жағдайда түсірілгенін егжей-тегжейлі баяндап берді. Dabylinfo.kz берген сұхбатында, ол Сайрамдағы тірек пунктіндегі қызметкер мен Қаратау аудандық полиция бөлімі тарапынан қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Шерзаттың сөзінше, құзырлы орган өкілдері оны Қылмыстық кодекстің 419-бабымен «көрінеу жалған сөз жеткізу» дерегі бойынша жауапқа тартамыз деп қорқытып, «қамаймыз» деп сес көрсеткен. Осы қысымның салдарынан одан мәжбүрлі түрде «мектеп директорына арыз-шағымым жоқ» деген мазмұнда бейнежазба түсіріліп, арыз жаздыртып алынған.
Сондай-ақ Шерзат түнгі уақытта Қаратау аудандық полиция бөліміне Ішкі саясат басқармасынан, ҰҚК мен Білім басқармасынан өкілдер келгенін айтады. Оның сөзінше, аталған тұлғалар оны кінәлі тарап ретінде көрсетіп, қару кезеген директордың сөзін сөйлеген.
«Олар маған «тым болмаса бір дәлелің болу керек» деп айтты. Менің қолымда барлық дәлел бар еді дедім. Қолымды артқа қайырып, баласы өшіртіп тастады. Оған не дейсіздер деп сұрадым келген өкілдерден. Келген ресми өкілдер бірер дәлел болғанда мектеп директорына іс қозғалатынын айтты. Зерттеңіздер деп айттым. Енді олардың да аузын майлап қойған ғой», – деді.
Сондай-ақ, Nege.kz тілшісімен сөйлескен Әл-Фараби атындағы №113 мектептің директоры Надырбек Жаматов ресми пікірді қалалық білім басқармасының рұқсатынсыз бере алмайтынын мәлімдеді. Дегенмен әңгіме барысында ол аталған жанжалға өзінің еш қатысы жоқ екенін алға тартты. Мәселенің түп-төркіні директордың қол астында істеген Шерзат пен бухгалтер арасындағы қаржылық келіспеушіліктен шыққан. Ал Шерзат бұл мәселені «сөзі өтетін директор шешіп береді» деген үмітпен Надырбек Жаматовтың назарын аудару мақсатында жариялаған болуы мүмкін.
Мән-жәйді анықтау үшін редакция тілшісі қалалық білім басқармасынан жауап алуға тырысты. Алайда, құзырлы органның өкілі аталған іске қатысты толыққанды ақпарат ұсына алмай, қысқа қайырды.
«Бұл бойынша құзырлы органдар жұмыс істеуде», – деп жазды басқарманың баспасөз хатшысы.
Редакция аталған іс бойынша қалалық полиция департаментіне сауал жолдады. Құзырлы органнан жауап алынғанда ақпарат толықтыралады.