Мектеп асханаларындағы улану оқиғаларынан кейін бақылау күшейтіледі
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улану оқиғалары мектептердегі балалар тамағын ұйымдастыру бойынша мемлекеттік бақылау тәсілдерін қайта қараудың қажеттілігін көрсетті.
Алматы, NEGE. Мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында министрлік білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік бақылауға арналған жаңа тәсілдерді әзірледі. Жаңа өзгерістерге сәйкес:
балалар болатын нысандарға ерекше мәртебе беріледі;
тексеру алдында алдын ала хабарлау талабы алынып тасталады;
нысандарды санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру үшін мониторингтік тексерулер енгізіледі.
Алайда қазіргі уақытта ҚР Кәсіпкерлік кодексінің нормалары балалар болатын барлық нысандарды толық қамтып тексеруге мүмкіндік бермейді.
- Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мектеп асханаларында балалардың жаппай улану фактілеріне байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп Маңғыстау облысындағы білім беру ұйымдарының тамақтану блоктарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тексеруде, - делінген хабарламада.
Өңірде тексеруге 72 нысан анықталды, оның ішінде бүгінгі күнге дейін 14 мектептің асханасы тексерілді.
Оқушылардың улану жағдайларын зерттеу және мектептегі тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Бас прокуратура өкілдері қатысатын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Денсаулық сақтау министрлігінен жұмыс тобына Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай облыстарының, Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің және Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының ғылыми-практикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг орталығының жеті маманы кірді.
Еске сала кетейік, соңғы уақытта Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Манашы орта мектебінде 12 оқушының тамақтан улануына байланысты тергеу басталып, санитарлық-профилактикалық шаралар жүргізу туралы шешім қабылданды және аудан әкімдігі жанынан арнайы штаб құрылды.