«Мектебімді сағындым» атты сурет байқауы өтеді
Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы індет жағдайында сабақты үйден оқып жатқан балаларға арналған сурет байқауын өткізеді.
Алматы, NEGE. «2020 жылы бүкіл әлемді шарпыған COVID-19 індеті Қазақстанды да айналып өтпеді. Елде карантин жарияланып, әлі күнге дейін мектептегі оқу бағдарламалары онлайн режимде өтуде. Қалыптасқан осы жағдайға байланысты мектеп оқушылары бұрын-соңды бастарынан өтпеген ерекше жағдайды бастан кешуде», – деп жазады орталық өкілдері.
Бауырлас екі ел Түркия мен Қазақстан карантин жағдайында да бір–біріне қол ұшын созып, барлық саладағы байланыстарын бұрынғыдан да күшейтті. Қазақстанда балалар сурет өнері өте жақсы дамыған және жүйелі түрде жолға қойылған.
Осы орайда, Нұр –Сұлтандағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы індет жағдайында сабақты үйден оқып жатқан балаларға арналған сурет байқауын өткізуді жоспарлап отыр.
Байқаудың мақсаты қашықтан білім алып жатқан балалардың таланттарын ұштап, творчестволық дамуына, уақытты тиімді пайдалануына, мектебімен байланыстарын үзбей, белсенділігінің артуына өзіндік үлес қосу болып табылады.
«Мектебімді сағындым» деп аталатын сурет жарысына Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 12-14 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады. Жарысқа жіберілетін суреттерді А3 форматындағы сурет қағазына пастель бояу, сулы бояу, графика және гуаш бояу т.б тәсілдер қолданыла отырып салуға болады.
Суреттер 25 қарашаға дейін Юнус Эмре түрік мәдениет орталығына тапсырылуы керек.
Жюри таңдайтын алғашқы ондыққа кірген шығармалар орталықтың әлеуметтік желі парақшасында 27 қараша-6 желтоқсан аралығында жарияланады.
Ең көп лайк жинаған 3 шығарма иесі жеңімпаз болып есептеледі.
Жарыс қорытындысы 7 желтоқсанда жарияланады.
«Жүлде әлеуметтік желіде дауыс беру кезінде көп лайк жинап, алғашқы үштікке енгендерге беріледі. Жеңімпаздардың аты–жөндері әлеуметтік желіде жарияланады. Байқаудың бас жүлдесі – планшет. Екінші орын алған жүлдегер смарт сағатқа, үшінші орын алған жүлдегер болса құлаққапқа ие болады», – делінген хабарламада.
Байланыс телефоны: 8 (777) 533 91 30